Үкімет су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелерін қалпына келтіруге 7 млрд теңге бөлді

Үкімет көктемгі су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта Үкіметтің төтенше резервінен қосымша қаражат бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қалпына келтіру жұмысы еліміздің үш өңірін – Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.

Қостанай облысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысында Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында "Есіл" сауықтыру кешені, сондай-ақ Державинск қаласында Абай атындағы мектеп салынады. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы "Балауса" балабақшасы, Ойыл ауданындағы "Балбөбек" мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады.

Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл – білім беру процесінің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді.

Биылғы 17 шілдеде Үкіметте су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетуді және орталықты туындап жатқан мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отыруды тапсырды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: