Шаруалардың сұранысына сай егіс алқаптарына секундына 115 текше метр су жіберіліп жатыр.
"Көктемде су жақсы келді. Осының нәтижесінде Шардара су қоймасы 90%-ға толып, 5 млрд текше метрге жуық су жинады. Қазіргі таңда жоғарыдан орта есеппен секундына 125 текше метр су келіп жатыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберіп жатырмыз",- деді Түркістан облысы бойынша "Қазсушар" филиалының Шардара өңдірістік бөлімше басшысының орынбасары Ермек Иса.
Түрістан облысының дихандары биыл су тұрақты берілгендіктен жақсы өнім алғандарын айтады. Тіпті қарбыз отырғызған шаруалар тамызда екінші мәрте өнім жинауды жоспарлап отыр.
"Биыл су мол болды. Халық разы. Жылда қиналатын едік, биыл жақсы. Қыстық суды да жақсы алдық, жазда да су уақытылы берілді. Бір мәрте жинап алып, екіншісін суарып жатырмыз. Алдағы 10-15 күнде тағы өнім алуға ниеттіміз",- дейді дихан Төлепберген Артықов.
Еске салсақ, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы үкіметаралық отырысында Өзбекстаннан "Достық" мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 922 млн текше метр су жіберу туралы келіскен еді. Суару кезеңінің басынан Өзбекстаннан елімізге 3,9 млрд текше метр су келді.