Алматы МКД жалпыға бірдеу декларациялаудың 3 - кезеңі бойынша көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді

Алматы қалалық МКД "Параграф" ақпараттық жүйесімен бірлесіп, жалпыға бірдей декларациялау мәселесі бойынша маңызды сұрақтарға жауап беріп, бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы МКД өкілі Айжан Бекеева жалпыға бірдеу декларациялаудың 3 — кезеңінің қатысушылары 250.00 нысанында қандай кезеңді көрсету керек екендігін егжей-тегжейлі айтып берді.

Түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқарма басшысының айтуынша, декларациялаудың үшінші кезеңі шеңберінде 1 қаңтардан бастап 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар, қатысушылары, дара кәсіпкерлер сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады. Декларацияны толтыру кезеңінде, кезең ретінде 2024 жыл таңдалады. Бұл ретте мәліметтер 31 желтоқсан 2023 жылғы жағдай бойынша көрсетіледі.

"Бұл осы декларциялаудың ерекшелігі болып табылады. 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынғаннан кейін жоғарыда аталған тұлғалар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 270.00 нысанды кірістер мен мүлік туралы декларцияны тапсырып отырады",- деп нақтылады Айжан Бекеева.

Егер резидент емес жеке тұлға ҚР-да ЖШС құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылса, бірақ ол (және оның жұбайы) ҚР аумағында тұрмаса, ҚР аумағында тіркеуі болмаса және тіркелген ЖСН және ЭЦҚ болмаса, бұл тұлғаның (және оның жұбайының) жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде декларацияны ұсыну бойынша міндеттемелер пайда болады ма?

Резидент емес жеке тұлға (және оның жұбайы) 2024жылғы бірінші қаңтардан бастап салық заңнамасының 45-1 бабындағы өзгерістерге сәйкес декларанттар тізімінен алынып тасталды. Яғни, 2024 жылы 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну бойынша осы адамдарда міндеттемелер пайда болмайды. Сонымен қатар, салық кодексінің 217 басшылыққа алу қажет, мұнда салықтық резиденттікті айқындаудың негізгі шарттардың бірі Қазақстанда болу уақыты болып табылады. Бұл жағдайда резидент емес жеке тұлға (және оның жұбайы) Қазақстан аумағында жылына 183 күннен көп болмайды. Сондықтан жалпыға бірдей декларациялау бойынша 250.00 нысанды декларацияны ұсыну міндеттемелері болмайды.

Сондай-ақ, маман достар мен туыстар сыйлаған сыйлықты декларациялау бойынша да тоқталып өтті. Оның айтуынша,егер сыйлықтың құны 1000 АЕК (3 450 000 теңге) асса, онда оны декларанттың қалауы бойынша бағалауға және 250.00 нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда көрсетуге болады.

Тапсырылып қойылған 250.00 декларациясын түзетуге болады ма?

Азаматтар үш жыл ішінде талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы кез-келген қателер мен дәлелсіздіктерді түзетуге құқылы.

"Бірақ жеке тұлғалар арассындағы қарыздар мен міндеттемелерді көрсету тек бастапқы декларацияда мүмкін. Яғни, толықтырулар салық кодексінің 211 бабы 5 тармағы, 7 тармақшасына сәйкес қабылданбайды",- деп қорытындылады түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқарма басшысы.


Еске сала кетейік, жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңмен жүзеге асады:

  • 1 кезең — 2021 жылы басталды. Оған мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары кірді.
  • 2 кезең — 2023 жылы басталды. Оған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ олдардың жұбайлары кірді.
  • 3 кезең — 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Яғни қазіргі уақытта декларацияны жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары және олардың жұбайлары тапсыруда.
  • 4 кезең — 2025 жылы басталады. Барлық жеке тұлғаларды, демек ҚР барлық 18 жастан асқан азаматтарын, сондай-ақ шетелдік активтері бар кәмелетке толмаған тұлғаларды қамтиды.

Бұған дейін департамент азаматтарға жалпыға бірдей декларациялау және мобильді аударымдар мәселелері бойынша мәлімет берген болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: