Мәжіліс спикері жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін және мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы саналатынын атап өтті. Ол бүгінде мемлекет жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ партия төрағасы "Жастар Рухы" волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда АЭС салу мәселесін жеке талқылады. "Жастар Рухының" белсенділері мен мүшелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құрылысына қолдау білдірді.
Сурет: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым
Мәжіліс төрағасы АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа жастар белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.
"Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемлекет басшысының басты ұстанымы. Демек АЭС салу мәселесінде негізгі шешімді халық қабылдайды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет", – деді Ерлан Қошанов.
Сурет: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым
Өз сөзінде ғалым Нұрхат Жәкиев Қазақстандағы энергияның 80%-ға жуығы бүгінде көмір арқылы өндірілетініне және атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екеніне назар аударды.
"Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компьютер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұның бәрі немен жұмыс жасайды? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да, білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады", – деді ол.
Сурет: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым
Өз кезегінде, "Жастар Рухы" жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан біртіндеп электромобильдерге көшуде, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап етеді.
Сурет: Жаслан Жұмабеков, Әли Ғалым
Ал жас ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде атом электр станцияларын пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса, әлемдегі экспорттық тауарлардың 70%-ын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс. Ол үшін бізге энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін АЭС қажет.