2 қыркүйек күні сағат 10:34-те "102" арнасына Семей қаласының тұрғыны 3 күн бұрын үйден белгісіз бағытқа кетіп, қайтып оралмаған баласы Рахымжан Үкертаевты іздеуге көмек сұрап жүгінді.
Дәл сол күні сағат 21:11-де "102" арнасына сағат 18.30 шамасында аулаға ойнауға кетіп, қайтып оралмаған 7 жасар Әли Қанатовтың әжесі де хабарласты. Жоғалған балалар туралы өтініштен кейін бірнеше минут ішінде аймақ полициясының барлық кешенді күштері хабардар етілді.
Полиция нарядтары еріктілермен, мұғалімдермен және бей-жай қарамайтын азаматтармен бірге тұрғылықты жеріне жақын маңды аралады. Іздеуге барлығы 12 топ жіберілді, сонымен қатар полицияның кешенді күштерінің сыртқы нарядтары – 170 адам бағдарланды.
Күндіз-түгі қараусыз қалған ғимараттарда, ойын-сауық орындарында іздеу жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде бейнебақылау камераларын да қарады.
3 қыркүйек күні кәмелетке толмағандарды жергілікті тұрғын, балалар алаңындағы көпірдің астынан тауып, еріктілер мен полицияға ақпарат берді. Қазіргі уақытта балалар үйлеріне аман-есен оралды.
Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 12 жасар бала мінез-құлықты түзету үшін ювеналды полицияның есебіне қойылады. Өз кезегінде тәртіп сақшылары ересектерден балаларына қырағы болуды сұрайды және мұндай фактілер туралы дереу хабарлауды ұсынады.
"Есіңізде болсын, сіз құқық қорғау органдарына неғұрлым тез хабарласаңыз, жоғалған адамды табу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады", – деп қорытындылады тәртіп сақшылары.