"Алматыда мопедтер, самокаттар, скутерлер кеңінен пайдаланылады. Бірақ, өкінішке орай көліктің бұл түрін жүргізген кезде жүргізушілердің көбі қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтамайды немесе оларды елемейді. Осылайша, олар жолдарда апатты жағдайларды тудырады, бұл көбінесе қайғылы салдарға немесе адамдардың жарақат алуына әкеледі. Өткен күнгі осындай апаттардың бірі мопед тізгіндеген 19 жастағы жасөспірімнің өліміне әкеліп соқты", – деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің командирі Оралбек Ахимов.
Спикердің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері Алматыда мопедтердің қатысуымен 523 жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде 535 адам жарақат алып, 11 адам қаза тапты. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 19 мыңнан астам мопед пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандандырылған айыппұл тұрағына 1,5 мыңнан астам мопед қойылған.
"Құрметті жүргізушілер, көлік құралы қауіптілігі жоғары болып табылады. Көлік жүргізу кезінде Жол қозғалысы ережелерінің барлық талаптарын орындап, абай болу керек. Бұл ЖКО-дан, адам жарақаттарынан және әртүрлі қайғылы салдардан аулақ болуға мүмкіндік береді", – деп ескертеді Оралбек Ахимов.