Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді

Шағын құрамдағы келіссөзге дейін "Оғызхан" сарайында Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас екі ел арасындағы санқырлы ынтымақтастықты нығайтуда мұндай жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

"Түрікменстан – біз үшін туысқан ел әрі стратегиялық серіктес. Қазақстан – сіздің еліңізбен энергетика, көлік, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастыққа қатысты барлық мәселе бойынша сенімді одақтас. Мұның алдағы уақытта да осы бағытта жалғаса беретінін атап өткім келеді. Әлбетте, біз Түрікменстанның халықаралық аренадағы бейтарап статусына құрметпен қараймыз. Сіздің еліңіз өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өте елеулі үлес қосып келеді. Бұл ретте біз, ең алдымен, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасауға дайынбыз", – деді Президент.

Сердар Бердімұхамедов Түрікменстанның бауырлас Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады.

"Біз Түрікменстанның сыртқы саясаттағы бейтарап бағдарына, сондай-ақ БҰҰ және өзге де жаһандық құрылымдар аясындағы халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені үшін Қазақстанға ризашылығымызды білдіреміз. Ал Түрікменстан Қазақстан Республикасының сыртқы саясаттағы ұстанымын құптайды. Сондай-ақ біз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың дамуына айрықша мән береміз. Энергетика, көлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар секілді маңызды бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да маңызы зор", – деді Түрікменстан Президенті.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді.

Қазақстан Түрікменстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: