Оралдық оқушылар "Өткір көз" роботын ойлап тапты

Ал Оралда мектеп оқушылары Мәскеуде өткен XVIII Халықаралық "Математика және жобалау" олимпиадасының жеңімпаздары атанды.

Байқауда олар өздері жасап шығарған "Өткір көз" роботын таныстырды. Бұл жоба компьютермен жұмыс істеген кезде, көзге салмақ түсірмей, көру қабілетін сақтайды. Зерек жасөспірімдер жайлы келесі сюжетке зер салайық.

"Өткір көз" роботы адам мониторға үңіле түскенде, дыбыстық белгі береді. Яғни қашықтық 50 см-ден кем болмауы тиіс. Және бас пен компьютер бір деңгейде болғаны жөн. Бұған қоса жарты сағат сайын көзге арналған жаттығу жасау туралы ескертеді, деп жазады qazaqstan.tv.

"Екеуміз де көзілдірік тағамыз. 2021 жылдан бастап қашықта оқуға көшірілдік. Компьютер алдында көп уақыт өткізгеннен кейін эргономикалық талаптар сақталмай, көзіміз зақымдануының басты себептерінің бірі болды. Мәселе әрі қарай өзекті болмас үшін осы жобаны жасауға түрткі болды." Расул Зейнолла, Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы

Мейірбек пен Расул үш жыл бұрын бұл жобаны лего платформасында жасаған. Кейін жаңа құрал-жабдықтар алып, роботты жетілдірген. Еңбек еш кетпеді. Халықаралық байқауда сарапшылардың жоғары бағасын алды. Енді жасанды интеллект бағдарламасын енгізіп көрмек.

"Халықаралық турнирде І орын алғанымыз бізге керемет сый болды деп ойлаймын. Көбінесе жастар өздері істеу керек жұмысты жасанды интеллектіге істетіп қояды. Және оны өздеріне пайдалы нәрсе етіп көрсетеді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Одан гөрі жасанды интелектіні өзіңе көмекші ретінде, жаныңда отырған ассистентің ретінде қарастырған жөн деп ойлаймын." Мейірбек Шәміш, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы

Мемлекет басшысы тек спорттағы емес, білім саласындағы халықаралық, республикалық олимпиада жүлдегерлерін қолдау туралы ой айтты. Зерек ұлдардың ұстазы, дарынды мұғалім Айсұлу Арыстанқызы оқушыларға мотивациялық тұрғыдан демеу қажеттігін алға тартты.

"Осы жобадағы екі оқушым да білімқұмар, ізденімпаз. Мейірбек программа кодын жазғанды жақсы көреді. Ол бірден шықпайды, бірнеше қателіктер болады. Соның барлығын асқан еңбекқорлықпен тауып отырады. Расул да жан-жақты, талпынысы жоғары. Қолдау ретінде, мысалы, IT компанияларға тағылымдама, күнделікті өмірде қолданып жүрген қосымшалардың құрастырушыларымен кездесу сияқты шаралар көбірек пайдасын тигізер еді." Айсұлу Сүлейменова, информатика пәнінің мұғалімі

Көру қабілеті бұзылуының алдын алатын құрылғы "STEM", яғни ғылым-технология-инженерия-математика әдістемесіне негізделген. Халықаралық жарыста 120 оқушының арасынан топ жарған қос жеңімпаз болашақта бағдарламашы болып, елдің дамуына үлес қосқысы келеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: