Сәкен Сейфуллиннің туғанына - 130 жыл: ақын өмірінің ел тарихындағы алар орны

Сурет: Zakon.kz
15 қазанда қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ақын және жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің дүниеге келгеніне 130 жыл толады. Оның өмірі мен шығармашылығы ел тарихында өшпес із қалдырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Жазушының өмірі Ақмола облысымен тығыз байланысты. Дәл осы аймақта оның Мемлекеттік және қоғамдық қызметі басталды. Тың туындылары жарық көрді.

Білім алуы

Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері Гүлназия Ибраеваның айтуынша, ақын дәстүрлі қазақ тәрбиесін бойына сіңірген. Оның ата-анасы ауқатты адамдар болған және жас таланттың білім алуына жан-жақты жағдай жасауға тырысты. Тіпті Сәкенді орыс тілін жақсы меңгеру үшін, орыс отбасына бір жылға тұруға жіберді.

"Сәкен Сейфуллиннің ата-анасы ұлына терең білім беруге ұмтылды. Оның анасы әңгімеші болған. Ол баласын қаршадай кезінен бастап қызықты оқиғалармен сусындандырды. Әрине, Сәкеннің таланты оның қалыптасуында да маңызды рөл атқарды. Білімі мен таланты ұштасып осындай танымал тұлға болды". Гүлназия Ибраева

Сурет: iie.kz

Сәкен Сейфуллин 1905 жылдан бастап 1908 жылға дейін Спасск мыс балқыту жанындағы орыс-қазақ мектебінде оқыған, содан кейін Ақмола үш сыныптық қалалық училищесінде оқыды. 1913 жылы Омбы педагогикалық семинариясына оқуға түсті, онда ол Мағжан Жұмабаевпен бірге білім алды.

"Жас кезінде Сейфуллиннің қолынан Алектровтың сөздігі мен Ыбырай Алтынсариннің хрестоматиясы түспеген. Ол өте ізденімпаз студент болды. Училищеге барған кезде оған бірден бірнеше оқу гранттары ұсынылды. Семинарияға кірер алдында ол мұсылман медресесінің шәкірттеріне орыс тілінен сабақ берді". Гүлназия Ибраева

1914 жылдан бастап Омбыдағы қазақ жастарының тұңғыш "Бірлік" ағартушылық қоғамы жетекшілерінің бірі болады. Кейінірек "Ауыл коммуниси", "Қазақстан коммуниси" атауларына өзгерген және қазіргі уақытта "Ақиқат" деп аталатын "Қызыл Қазақстан" журналының, сондай-ақ "Еңбекші Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің редакторы қызметін атқарды. Оның журналистикаға қосқан үлесі сол кездегі қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.

Сурет: wikimedia/Yakov Fedorov

Сәкен Сейфуллиннің саяси мансабы ерте басталды. 28 жасында ол Үкімет басшысы болып сайланды, атап айтқанда, алғашқылардың бірі болып РСФСР Қырғыз АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды. Қазіргі уақытта бұл премьер-министр лауазымы.

Сондай-ақ, ол "қырғыз" сөзін қолдануды тоқтатып, оны "қазақ" сөзімен ауыстыруды ұсынды.

"Қазақ қоғамы үшін Сәкен Сейфуллиннің кім екендігі туралы айтатын болсақ. Ол алдымен мемлекет және қоғам қайраткері ретінде халыққа қызмет етті, содан кейін, қарбаласқа қарамастан, өлең жазды және өзін жазушы ретінде танытты. Алғаш рет Ақмола облысында мектеп ашты, онда бірден қазақ және орыс тілдерінде оқытылды. Сәкен әрдайым барлық қазақтарды білімге шақырды. Сол кезден бастап-ақ, үштілділіктің маңыздылығы туралы айтты: қазақ, орыс және ағылшын тілдері", — дейді Ибраева.

Бұл ретте мұражай қызметкері бірінші кезекте Сейфуллин қазақ тілін білудің басымдылығын назарға алғанын атап өтті.

Сурет: kazatu.edu.kz

С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. "Көкшетау", "Қызыл ат" дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. "Қызыл атта" 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. "Ақсақ киік", "Аққудың айрылуы" шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

Ол 1930 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған бірден-бір тұлға.1938 жылы өлім жазасына кесіліп, атылды. 1957 жылы қылмыс құрамының жоқтығы үшін ақталды. Бүгінгі күнге дейін оның қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы қазақтың бірегейлігі, бостандығы мен мәдениеті үшін күрестің символы болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақстанның әр аймағында оның есімімен аталған көшелер бар. Сондай-ақ, ел бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы 33 мектеп жұмыс істейді. Мұнымен қоса, Ақмола облысында ашылған бірінші жоғары оқу орны – Аграрлық университетке де тарихи тұлға есімі берілген.

Сурет: Zakon.kz

Сонымен қатар, ел бойынша Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми орталықтар мен мұражайлар жұмыс істейді. Ол туралы ең құнды ақпараттар жинақталған Сәкен Сейфуллин атындағы бас мұражай Астана қаласында орналасқан.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Еліміздің қай қаласындағы жастар жиі шаңырақ көтереді

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қызметінен босатылды

Ұлттық экономика министрі жаңадан тағайындалды

Риддерде жылу орталығында жарылыс болып, алты адам зардап шекті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – 2024. Толық мәтін