Аида Балаеваның айтуынша, стратегиялық бастама Қазақстанның ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген және енгізілуі мүмкін маңызды тарихи және сәулет ескерткіштерін сақтау мен материалдық емес мәдени мұра элементтерін қорғауға арналған. Оларға дәстүрлер, салт-жоралар, тіл, музыка, қолөнер және басқа да құндылықтар жатады.
Жұмыс тобының отырысында Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және насихаттау бойынша үш кіші жұмыс тобының жоспарлары таныстырылды:
"Материалдық емес мәдени мұра бойынша кіші жұмыс тобының басты міндеті – музейлер, қорықтар, кітапханалар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сондай-ақ жоғары оқу орындарына пәнаралық білім беру бағдарламаларын енгізу. Бұл Қазақстанда дәстүрлі қолөнер, нумизматика, бонистика, ұлттық ойындар, сәндік-қолданбалы бұйымдарды қалпына келтіру бойынша дипломды мамандарды дайындауға мүмкіндік береді",- делінген ақпаратта.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Кіші топтың жоспарында материалдық емес мәдени мұраны инвентаризациялау, қазақтың киіз үйін, кілем тоқу технологиясын құжаттандыру бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бар.
"ЮНЕСКО қорғауындағы нысандар бойынша кіші жұмыс тобы әлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Конвенция шеңберінде Қазақстандағы ЮНЕСКО қорғауындағы нысандармен жұмыс істейді. Басты міндеттері – басқару, қауіпсіздік және инфрақұрылым мәселелерін шешу. Сонымен қатар, сарапшылар "Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі", "Ұлы Жібек жолы: Каспий-Еділ дәлізі" сияқты трансұлттық сериялық номинациялар бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл бағытта Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының жергілікті атқарушы органдарымен бірлескен жұмыс атқарылуда". Мәдениет және ақпарат министрлігі
Құжаттық мұра бойынша кіші жұмыс тобы ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" бағдарламасы аясында Қазақстанның құжаттық мұрасын сақтау және ілгерілету бағытында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Абайдың "Қара сөздері" мен Машһүр Жүсіп Көпейұлының қолжазбаларын ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" тізіміне енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
2003 жылы бұл тізімге Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары, 2005 жылы "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының құжаттары енгізілген. Сонымен қатар, Қазақстанның жазбаша мұрасының мемлекеттік тізілімін жасау мәселесі қарастырылуда.
Үш жұмыс кіші тобы ұсынған жоспарлар Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және дамыту бойынша шараларды қамтиды. Бұл жоспарларды Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады. Аталған шаралар Қазақстанның мәдени мұрасын қорғау және дамыту ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.