ҰЭМ басшысы соңғы бірнеше аптада валюта нарығында ұлттық валютаның әлсіреуінен көрінетін белгілі бір ауытқулар болғанын мойындады.
"Азаматтарымыз бен бизнесіміздің алаңдаушылығын түсіне отырып, үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін келісілген шаралар қабылдауда. Ұлттық валютаның айырбас бағамын түзету іргелі сыртқы факторлардың әсерінен ғана туындайтын құбылыс екенін атап өткен жөн. Олардың ішінде негізгі үшеуін бөліп көрсетуге болады. Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы. Екінші фактор мұнайдың әлемдік бағасының аздап төмендеуімен байланысты. Ал соңғы, маңызды фактор – ресей рублінің әлсіреуі. Ресей біздің басты сауда әріптесіміз екенін ескерсек, теңге бағамына рубль бағамының құбылуы әсер етуі мүмкін", — деді Нұрлан Байбазаров.
Оның айтуынша, үкіметтің басты міндеті – азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге кері әсерді азайту.
"Экономика мен халық үшін ықтимал келеңсіз салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Бұл үшін үкіметтің ресурстары мен құралдары жеткілікті. Үкімет жағдайды қадағалап отыр және экономикадағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға бағытталған шараларды қабылдайды", — деп сендірді Нұрлан Байбазаров.
Доллар теңгеге қатысты кезекті "көтерілуін" KASE биржасында сауда басталған 2024 жылдың 28 қарашасында таңертең бастады. Бірнеше минут ішінде АҚШ валютасы спринтке шықты.
29 қарашада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллардың нығаюы аясында қазақстандықтар азық-түлік бағасының өсуін күту керек пе деген сұраққа жауап берді.