Таратылған ақпаратқа сүйенсек, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды күшейту мақсатында бюджетті игеру кезінде "ақшаны бояу" тетігін енгізу жөніндегі жобаны іске асыру және масштабтау жүзеге асырылады.
"Бұл тетік "Цифрлық теңге" платформасында іске асырылып, қаражатты жұмсау кезінде ашықтықты қамтамасыз етудің және жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды құралы болып табылады. Бұл бюджеттік ақшаны бөлуден бастап толық игеруге дейінгі барлық кезеңдерде пайдалануды бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір теңге бірегей цифрлық белгіні алып, жымқыру мүмкіндігін болдырмайды және бюджетті ұтымды пайдалануға ықпал етеді.",- делінген ведомство мәліметінде.
2024 жылдың 19 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған жобаны іске асыру мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ұлттық Банктің, қаржы, көлік, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
"Бүгінгі таңда жобаларды іске асыру ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол құрылысы сияқты стратегиялық маңызды секторларда басталды".Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі
Ақмола облысында "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға микрокредиттер беру және техника шығындарын субсидиялау сынақтан өтуде.
Құрылыс саласында бұл тетік Атырау облысындағы құны 2,1 млрд теңге болатын "Мұқыр-Құлсары" автожол учаскесінің жобасында және Қарағанды облысындағы 160 млрд теңгеден астам сомаға "Достық-Мойынты" теміржол учаскесінде пайдаланылады.
Қатысушылар механизмнің одан әрі табысты жұмыс істеуінің маңызды құрамдас бөлігі мемлекеттік органдардың енгізілетін ақпараттық жүйелерімен толыққанды интеграция болып табылатынын атап өтті, бұл осы салаларда бюджет қаражатының нақты пайдаланылуын бақылауды едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында мемлекеттік органдарға тәуекелдерді міндетті түрде пысықтай отырып және бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін сақтай отырып, аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру ұсынылды.
"Егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, 1424 нөмірі арқылы немесе @antikorkz_bot Telegram-боты шұғыл хабарлаңыз!",- деп қорытындылады ведомство.
Бұған дейін Қазақстанда қанша адамға әлеуметтік көмек көрсетілгені хабарланған болатын.