Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл - ақынның өнегелі өмірі

Сурет: asu.edu.kz
Бүгін, 25 желтоқсанда қазақтың көрнекі ақыны, халық жазушысы, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың туған күні. Көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді. Ақын өмірінің белестері, шығармашылығы жайлы Zakon.kz тілшісі материал дайындады.

Фариза Оңғарсынова 1939 жылы Атырау облысында дүниеге келді. Адайдың рухты қызы еңбек жолын ауылдағы мектептердің бірінде мұғалім болып бастап, артынша тілшілікті тіршілік етті. Бастапқыда облыстық "Коммунистік еңбек" газетінде әдеби қызметкер болып, кейіннен республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш"), "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан"), "Пионер" (қазіргі "Ақ желкен") журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Ақынның тырнақ алды туындылары 1958 жылдан бастап баспасөз беттерінде жарық көре бастады, ал 1966 жылы алғашқы "Сандуғаш" өлеңдер жинағы басып шығарылды. Бұдан бөлек ол "Алмас қылыш", "Тартады бозбаланы магнитім", "Сайраған Жетісудың бұлбұлымын", "Тыңдаңдар, тірі адамдар", "Қарғыс", "Қасірет пен ерлік жыры" поэмалары, "Үйім менің – Отаным", "Маңғыстау монологтары", "Революция және мен" өлең топтамаларының авторы.

Қазақ әйелінің ішкі жан дүниесін біреу жазу керек...

Қоғамдағы қыз бейнесін, әйел атын көтерген жандардың бірі осы Фариза. Ол "Тірлігімнің мазмұны аналығым" бағдарламасына берген сұхбатында "Мазасыз шақ" кітабының жарыққа шығар кезін есіне алды. Ол туындыны шығаруға сол кездегі "Әдебиет" баспасының бастығы Қадыр Мырза Әли, Сағи Жиенбаев және басқа да ақындар қарсы болғанын айтты. Оған себеп, кітаптағы қыз сезімін білдіретін өлеңдердің бірі.

"Осы кітаптың ішінде жас қыздың атынан айтылатын өлең болды. Өлеңде қыз өзі жақсы көретін баламен бірге отырады. Көкорай шалғын, күн керемет нұрланып тұр. Қыз кетуге сыңай танытса да, іштей өзін ұстап қалғанын қалайды. Ең соңында "Сіздерге қарауға қымсынып, ай жатыр шалқасынан" деген сөзбен аяқталады. Бірнеше комиссия мүшесі "Бұл не қылған көргенсіздік?! Не деген масқара?! Осындай сөз бола ма?" деп жатқанда Мұқағали кіріп келді. Өзі аздап қызғындау екен. "Әй, Қадыр. Мына қыз ертең екеуіңді ұрады" деді есікті тарс жауып шығып кетті. Мен де олай жазбаймын, кешіріңдер деп айтпадым", — дейді шыншыл ақын.

Ол осыны айта келіп, қазақ әйелінің ішкі жан дүниесін, жан сырын жазар бір ақын болуы керек екенін, жазған шығармалары үшін ешқашан өкінбейтінін баса айтты.

Ақиық ақын мен Фариза қыздың арасында сезім болды ма?

"Фариза!

Фаризажан, Фариза-қыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден біріміз арылармыз.

Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз",- деп жырлаған Мақатаев шыншыл ақынның қайсар мінезіне, қыз да болса ержүрек жүрегіне тәнті екенін ешқашан жасырған емес.

Осыған байланысты да, халық арасында Мұқағали мен Фаризаның арасында "үлкен махаббат" болды деген қауесет әлі күнге тоқтамаған.

Фариза өз сөзінде, шынайы оқырмандарының аз екенін айта келіп, ақиық ақынның осы бір өлеңі прожектордың жарығын түсіргендей, оның шығармашылығына, танылуына едәуір әсер еткенін айтты.

"Кейбіреулер Мұқағалидың маған деген тілеулестігін, сезімін қызғанып, халықтың арасына басқа пікір тарату мақсатында ойдан оқиғалар шығарған кездер де болды. Аға мен қарындастың, ақын мен ақынның бір-біріне деген шынайы ықыласына сүйсініп қызығудың орнына, қызғаныштың қызыл итін үргізуге тырысқандар өздерінің қара ниеттерінің жазасын Алла тағаладан алды да", — дейді ақын "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында.

Фариза Оңғарсынова 1984 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. "Құрмет Белгісі", Парасат ордендерімен марапатталған. Республика мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстанның Халық жазушысы.

Қазақтың біртуар қызы 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Халық жазушысын жұртшылық ақтық сапарға 2014 жылдың 23 қаңтарында Астана қаласында шығарып салды. Айта кетейік, ол елорда маңындағы Ұлттық Пантеонға жерленді. Артында Анвар, Алмас есімді ұлдары мен Анар, Аида есімді келіндері және немерелері қалды. 

"Фариза өткен ғасырдың 70-жылдары қазақ әдебиетіне дауылды жырларымен енді. Талантты ақын, қайталанбас мінезімен және терең дүниетанымымен өлеңді биікке көтеріп, қазақтың көркем сөзін әлемге танытты. Оның жауһар жырлары мен жарқын бейнесі ұрпақ жадында мәңгі сақталады",- деп жазды бүгін, 25 желтоқсанда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлы ақынды еске алып. 

Еске сала кетейік, 2020 жылы Мұнайлы ауданындағы мәдениет үйіне Фариза Оңғарсынованың есімі берілген болатын. 

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Аяз ата келіп тұр: Атырау ауруханасында кішкентай науқастарды ерекше құттықтады

Түркістандық оқушылар Президент шыршасына қатысты

Қазақстандағы уақыт белдеуін өзгерту: Үкімет кезекті мәлімдемесін жасады

Ақтаудағы ұшақ апаты: ТЖМ түсініктеме берді

Павлодарда мемлекетаралық іздеуде жүрген такси жүргізушісі ұсталды