Ізгі-тілектермен қатар олар видео үндеу де жолдауда .
Камран Размовар есімді әзірбайжандық азамат Ақтау қаласындағы ұшақ апатынан қайтыс болған жолаушылардың отбасыларына көңіл айтты.
"Менің артымдағы мына Туды көріп тұрсыздар ма? Бұл біздің әуе бортын қабылдаған ұлы Қазақстанның туы. Ұшақтағы апаттан мерт болған бауырларымыз да бар, барша қазаққа көңіл айтамын. Әуе бортын қабылдағаны үшін, дер кезінде қолын ұшын созып көмек көрсеткені үшін ұлы қазақ халқына шын жүректен алғыс айтамын", - дейді видеода ол.
Ол қазақстандықтардың қан тапсырғанын, төтенше жағдайлар министрлігінің шұғыл әрекет еткенін, қайғыға ортасқан адамдар Әзербайжан елшілігінің алдына гүл шоқтарын қойғанын да айтады.
"Сіз ұлы халықсыз, көп рақмет! Сіздер біздің бауырсыздар, алға Қазақстан, алға Тұран! Шынымды айтамын, басымды иемін. Қиын сәтте қасымыздан табылып, бауыр ретінде қол ұшын создыңыздар, мың алғыс", - дейді Әзербайжан азаматы видео арқылы алғыс айтып.
Сондай-ақ әзірбайжандық танымал блогер де қиын-қыстау кезеңде жаппай қан тапсырып жатқан қазақ бауырларға алғыс айтып, ортақ қазаға байланысты көңіл айтады.
Айта кетсек, қайғылы оқиға 25 желтоқсанда түсте болды. Бакуден Грозныйға бағыт алған Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшырады. Соңғы ақпарат бойынша, 67 адамның 29-ы аман қалды, 38 жолаушы қаза тапты, олардың ішінде ұшақ экипажы да бар. Ұшақта Қазақстанның алты азаматы болғаны белгілі болды, өкінішке қарай олардың барлығы мерт болды. Апаттың мән-жайын тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. 28 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтау маңында апатқа ұшырап, ауруханаға түскен зардап шегушілерге көмектесу үшін қан тапсыру шарасын қорытындылады. Министрдің айтуынша, екі күннің ішінде республика бойынша қан орталықтарында 1,5 мыңнан астам адам 800 литр қан тапсырды