Сәтқалиевтің айтуынша, барлық мемлекеттік органдардың өкілдері кірген жұмыс тобы мен ведомствоаралық комиссия құрылған.
"Өткен аптада конкурс комиссиясының құрамы мен оның жұмыс ережелері бекітілді. Бұл ақпарат бүгін жарияланады. Комиссия станция атауын таңдау тәртібін әзірлеуі тиіс. Біз алдын ала бірқатар критерийлерді анықтаймыз – танымалдылық, мәдени-тарихи құндылық, айтылуының үйлесімділігі және атом саласының имиджіне сай болуы", – деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, авторлық құқықты қорғауға байланысты тетіктерді қайта қарап, кемсітушілік немесе мәдени шектеуі бар атауларды болдырмау қажет.
"Комиссия тиісті ережелерді әзірлейді. Принциптік шешім – дауыс беру eGov Mobile платформасы арқылы ашық түрде өтеді. Қазақстанның әрбір азаматы станцияға өз атауын ұсынуға және пікір қалдыруға мүмкіндік алады. Қыркүйек айының соңына дейін атаулардың қысқа тізімін жасау үшін комиссия отырысын өткіземіз. Осыдан кейін байқау нәтижелері бойынша соңғы атауды анықтаймыз", – деп қосты Сәтқалиев.
Бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан су-энергетикалық теңгерімін реттейтін бірқатар келісімге келгенін жазғанбыз.