Министрдің айтуынша, қазіргі таңда емханаларда әйелдерге заманауи отбасын жоспарлау құралдарын тегін алу мүмкіндігі жасалған. Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысты кеңейту бағытында жұмыс істеп жатыр.
"Қазақстанда жыл сайын шамамен 75 мың түсік жасалады. Отбасын жоспарлаудың заманауи әдістері бар кезде бұл көрсеткішті азайтуымыз керек. Себебі әрбір аборт – әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті органдармен бірлесіп нақты шаралар қабылдап жатыр. Қазір әлеуметтік осал топтағы әйелдерге қажетті құралдарды емханалар тегін береді", – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр бұл шаралар жеткіліксіз екенін атап өтіп, жұмыс әрі қарай жалғасатынын жеткізді.
"Біз репродуктивті денсаулық бағытында халықаралық тәжірибені зерттедік, шетелдік мамандарды тарттық. Бұл – өркениетті елдердің бәрі қабылдаған шешім, сондықтан біз де осы бағытта ілгерілейміз", – деді ол.
Журналистердің бюджеттік көздерге қатысты сұрағына жауап бере отырып, министр қаражаттың емханалардың өз бюджеттерінен, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен бөлінетінін айтты.
"Бүгінде әрбір медициналық ұйым өз бюджеті есебінен қаржы бөледі. Кейбір өңірлер жергілікті бюджеттен де қосымша қаражат қарастырған. Бюджет кодексі бұған мүмкіндік береді. Сондықтан біз акиматтармен бірлесіп, қамтуды кеңейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – деп түсіндірді Әлназарова.
Бұған дейін министр Ақмарал Әлназарова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кімдердің медициналық қызметтерді жиі пайдаланатынын да мәлімдеген еді.