Журналистер бұл бұйрық қазақстандықтар арасында жаппай наразылық тудырғанын атап өтті.
"Бұл — азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары екенін түсіну керек. Бүгінде жалған стоматологиялық клиникалар арқылы шамамен 220 млрд теңге заңсыз шешілген болса, бұл тек Денсаулық сақтау министрлігіне ғана қатысты мәселе емес – бұл бәріміз ойланатын жайт. Мәселе — халық өз болашағын ойламай, жинақтарын пайдаланып жатыр. Бүгінде бұйрық "Ашық НҚА" порталында жарияланған, әрбір пікірді бақылап отырмыз", – деді министр.
Оның айтуынша, былтыр Денсаулық сақтау министрлігі бұл процесті барынша ашық ету үшін шаралар қабылдаған.
"Құжаттарды екі кезеңмен тапсыру тәртібі енгізілді. Оның ішінде рентген суреттері мен басқа да материалдар талап етілді. Алайда жосықсыз азаматтар жалған клиникалар ашып, ірі сомаларды заңсыз жолмен алған схемалар анықталды. Олар мұны тегін жасамағаны түсінікті. Кейбір мәліметтер бойынша, бұл сомалардың 30%-ына дейін жалған компаниялардың иелеріне өткен. Сондықтан бұл – өте күрделі мәселе. Оны тек Денсаулық сақтау министрлігінің бір ғана бұйрығымен шешу мүмкін емес. Бұйрық қабылданды, бірақ алаяқтық схемалардың ауқымы шектен тыс ұлғайғандықтан, біз бұл мәселеге қайта оралдық", – деді Әлназарова.
Министрдің айтуынша, "Отбасы банкке" түскен өтініштердің 88%-ы стоматологиялық қызметтерге қатысты болған. Сондықтан мәселе күрделі болып отыр.
Журналистердің бұйрықты қайта қарау туралы сұрағына жауап берген министр, құжат жобасында ведомствоның ұстанымы көрсетілгенін және оны әзірге қайта қарау жоспарланбайтынын айтты.
Сонымен қатар, Әлназарова "Ашық НҚА" платформасындағы құжатқа қатысты сын пікірлер мен ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын, олардың барлығы жинақталып, алдағы уақытта қаралатынын жеткізді.
Бұған дейін Алатау қаласында 2 мың гектардан астам жерді мемлекет мұқтажы үшін алу жоспарлануда екенін жазған болатынбыз.