Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта төтенше жағдай Мұқан Төлебаев көшесіндегі "Арыстан" тұрғын үй кешенінде болғаны айтылған.
"Тұрғындардың сөзінше, лифт мәселесі үй пайдалануға берілген алғашқы күндерден бастап туындай бастаған. Көпшілік бірнеше рет лифт ішінде қалып қойған, ал ақаулар мен істен шығу жағдайлары жиі қайталанған", - делінген жазбада.
Қайғылы оқиғаға қатысты Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.
"Төлебаев көшесінде жөндеу жұмыстары барысында болған жазатайым оқиға салдарынан лифт компаниясының бір қызметкері оқиға орнында қаза тапты. Екі қызметкер №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Бір науқастың жағдайы орташа ауыр, екіншісінікі – өте ауыр деп бағаланып отыр. Бірі анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде, екіншісі политравма бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде", - деп хабарлады басқарма.
Сонымен қатар бұл оқиғаға қатысты полиция да түсінік берді.
"Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт құлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша тергеліп жатыр. Лифт ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қызмет көрсетуші ұйымның жұмысшылары болған. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, екеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша іс процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі.