Жаңа бағытты ашу туралы шешім Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен қабылданды.
Бұл жоба Жетісу облысының көлік қолжетімділігін арттыруға, жолаушылар ағынының өсуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ елорда мен өңірлер арасында жайлы, қауіпсіз әрі тұрақты теміржол қатынасын жолға қоюға бағытталған.
Алғашқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы екі жолаушылар вагонын бөлді. Олар күн ара жүріп, №122/121 "Нұрлы жол – Семей" пойызының құрамында қатынайтын болады.
Ақтоғай станциясында вагондар №631/632 "Ақтоғай – Талдықорған" пойызына тіркеледі. Бұл бүкіл бағыт бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, аталған формат – жобаның бастапқы кезеңі. Жолаушылар тарапынан тұрақты сұраныс болған жағдайда, вагондар саны мен пойыз қозғалысының жиілігі кезең-кезеңімен арттырылып, маршрут халықтың қажеттіліктеріне сәйкес бейімделетін болады.
Жаңа теміржол қатынасының ашылуы:
- өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға;
- халықтың қозғалыс мүмкіндігін арттыруға;
- ішкі туризм мен іскерлік белсенділікті дамытуға;
- Жетісу облысының туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.
Пойыздың алғашқы қатынасы биылғы жылдың сәуір айына жоспарланып отыр және ол Талдықорған қаласындағы қайта жаңғыртудан өткен теміржол вокзалының салтанатты ашылуымен тұспа-тұс келеді.
Жаңартылған вокзал инфрақұрылымы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, жайлылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жолаушылар тасымалының маршруттық желісін дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Бұған дейін 2025 жылы Қазақстанның азаматтық авиациясын дамыту аясында әуе кемелері паркі жаңартылып, бағыттар желісі белсенді түрде кеңейтілгені хабарланған болатын.