Спикердің айтуынша, қызылшамен сырқаттанушылық әлі де өзекті болып отыр.
"ДДҰ деректері бойынша 2025 жылы әлемде қызылшаның 247 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Халықтың екпемен аз қамтылуы аурудың өсуіне себеп болып отыр. Елімізде қызылшамен сырқаттанушылық 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы 6,8 есеге төмендеді, алайда биыл жағдай толық тұрақтанған жоқ. Бір айдың динамикасында 2025 жылғы қарашадан бастап сырқаттанушылықтың өскені байқалады және ағымдағы жылғы қаңтар, ақпан айларында жалғасады. Сондай-ақ, стационарда ем алған адамдарда қызылшаның 208 жағдайының тіркелуі аурудың өсуіне әсер етті. Ағымдағы жылы еліміз бойынша қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық көрсеткіші – 16,4", – деді Сархат Бейсенова.
Оның сөзінше, республиканың 9 өңірінде: Астана қаласында, Алматы қаласында, Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Қостанай облыстарында аурудың өскені байқалады.
Сондай-ақ, ол сырқаттанғандардың 72%-ы 5 жасқа дейінгі балалар екенін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда жұқпалы аурулар қаупі жоғары өңірлер аталғанын жазғанбыз.