Бұл туралы қаланың Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады.
"Eco Almaty" ЖШС мен "Ренессанс Плюс" ЖШС мамандары қалалық Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, автокөліктердің белгіленген шығарындылар нормаларына сәйкестігін тексеріп жатыр.
25 ақпанда жылжымалы экологиялық зертханалар әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында, Райымбек даңғылы мен Жетісу көшесінде, І. Жансүгіров көшесінде және Құлжа трактісінде 42 автокөлікті тексерді. Бензин қозғалтқышы бар 12 көлікте шығарындылардың белгіленген нормадан асуы анықталды. Аталған көлік иелеріне ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 334-бабы бойынша айыппұл салынды. Дизель қозғалтқышы бар автокөліктер арасында бұзушылық тіркелген жоқ.
Бұған дейін, 12-19 ақпан аралығында стационарлық экологиялық бекеттерде пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтінділігіне 4 012 өлшеу жүргізілді. Оның ішінде 3 996 тексеріс бензин қозғалтқыштары бар көліктерге, 16 тексеріс дизельді көліктерге қатысты болды. Мониторинг қорытындысы бойынша 602 автокөлікте белгіленген нормалардың асуы анықталды, бұл тексерілген көліктердің жалпы санының 15 пайызы. 593 жағдайда артық шығарындылар көміртегі тотығы (СО) бойынша, 9 жағдайда түтін көрсеткіші бойынша тіркелді.
Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, бақылау іс-шаралары тұрақты түрде жалғасады.