Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау қаласын салуда гибридтік модель енгізу жоспарланып отыр.
"Әлеуметтік нысандар, мектептер, ауруханалар, емханаларды өзіміз типтік жобалар бойынша, қолданыстағы Қазақстан нормаларына сай саламыз. Мұнда ешқандай жаңалық ойлап табуды жоспарлап отырған жоқпыз. Ал жеке инвесторлардың ерекше жобалары, әлемдік жетекші жобалау бюроларын тартатын жобалар, әрине, қауіпсіздік пен тиімділіктің ең үздік көрсеткіштеріне негізделеді. Яғни онда халықаралық жобалау және құрылыс стандарттары қолданылады. Мұнда қауіпсіздік пен сапаны арттыру үшін жобалаушылардың жеке жауапкершілігін енгізуді жоспарлап отырмыз", – деді ол.
Оның айтуынша, әрбір жобалаушы, конструктор, инженер өз шешімдері үшін толық жауапкершілік алады, қажет болса, қылмыстық жауапкершілікке дейін.
"Сонымен қатар, егер қандай да бір апат болса, тек жобалаушыны жазалау жеткіліксіз. Кез келген жағдайда залал болуы мүмкін: өрт, басқа да апат немесе зәулім ғимарат жер сілкінісінде тұра алмауы мүмкін. Екінші маңызды нәрсе – кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру. Яғни жауапкершілік тек формальды емес, заңды және қаржылық тұрғыдан да қорғалады. Тәуекелдер сақтандыру жүйесі арқылы жабылуы тиіс. Қорытындысында бақылау әлсіремейді, керісінше жобалаушының жеке жауапкершілігі арқылы күшейеді, ол қазақстандық немесе шетелдік болса да", – деді Бозымбаев.
Вице-премьер мұндай шаралардың жобалардың құнына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Бірақ олар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет.
"Бұл шаралар жобалаушылардың жауапкершілікті толық түсінуін қамтамасыз етеді, әрі қауіпсіздік қаржылық тұрғыдан сақтандыру арқылы қамтамасыз етіледі. Яғни зардап шеккен тарап әрдайым сақтандыру төлемін немесе қаржылық өтемді ала алады", – деп қорытындылады спикер.
Бұған дейін ақылы жолдарда жүру үшін алынатын төлемге қатысты ережелер өзгергендігін жазғанбыз.