Онкологияда томотерапия сәулелік терапияның бір түрі болып саналады және ол сызықтық үдеткіштер арқылы жүргізілетін сәулелендіру әдісіне ұқсас.
Премьер-министрдің айтуынша, 2025 жылы томотерапия технологиясының жоғары технологиялық медициналық көмек талаптарына сәйкестігі қайта бағаланып, нәтижесінде бұл қызмет мамандандырылған медициналық көмек санатына ауыстырылған. Соған сәйкес, емделген жағдайлар үшін төлем тарифтері де өзгертілген.
"Тариф қалыптастыру қағидаты пациенттерге көрсетілген қызметтің орташа шығындарын өтеуді көздейді", – делінген жауапта.
Құжатта көрсетілгендей, Испания, Түркия, Израиль, Франция және Ресейдегі томотерапия құнына жүргізілген талдау халықаралық тәжірибеде оның бағасы классикалық сызықтық үдеткіштермен жүргізілетін сәулелік терапиядан төмен екенін көрсеткен. Ал Қазақстанда, керісінше, томотерапия тарифтері осындай қызметтерден шамамен бес есе жоғары. АҚШ-та да Қазақстанға ұқсас төлем әдістемесі қолданылады.
"Әлемде сәулелік терапия тарифтерін қалыптастырудың бірыңғай әдістемесі жоқ. Әр ел денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру тетіктеріне қарай өз тәсілін қолданады. 2026 жылға арналған медициналық қызметтер тарифтерін қалыптастыру жоспары аясында томотерапия тарифін қайта қарау көзделген", – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, томотерапия бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Яғни онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар сәулелік терапияны толық көлемде ала береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ядролық медицинаны дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінетіні хабарланған болатын.