Тергеу барысында 21, 31 және 37 жастағы күдіктілер жеке деректері мен банк шоттарына қатысты құпия ақпараттарды бөгде адамдарға бергені анықталды. Нәтижесінде алаяқтар жәбірленушілерден алынған қаражатты алдымен осы азаматтардың есепшоттарына аударып, кейін басқа тұлғалардың шоттарына жіберіп отырған.
Осы тәсіл арқылы қылмыстық әрекеттердің ізі жасырылған. Сот отырысында олардың кінәсі толық дәлелденіп, әрқайсысына заң талаптарына сәйкес жаза тағайындалды. Атап айтқанда, түрлі мөлшерде айыппұл салынды.
Мұндай құқық бұзушылықтардың кең таралуына кей азаматтардың өз есепшоттарының құпия деректерін (карта нөмірі, CVV-код, SMS-кодтар, логин мен құпиясөз) оңай бере салуы себеп болып отыр. Көп жағдайда адамдар "жеңіл табыс табу", "картаңызды жалға беру", "ақшаңызды көбейту" сынды жалған ұсыныстарға сеніп, өздері де қылмыстық әрекеттерге еріксіз араласып кетеді.
Осыған байланысты полиция департаменті азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Есіңізде болсын: банк есепшотыңыздың деректерін бөгде адамдарға беру — заң алдындағы жауапкершілікке әкеледі.
Мұндай әрекеттер алаяқтыққа қатысу ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болады.
Сақтық шаралары:
– банк картасы мен есепшоттың құпия деректерін ешкімге бермеңіз;
– күмәнді ұсыныстар мен "жеңіл табыс" туралы хабарламаларға сенбеңіз;
– белгісіз сілтемелер мен қосымшаларды пайдаланбаңыз.
Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп, мұндай құқықбұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Егер сіз күмәнді жағдайларға тап болсаңыз немесе заңсыз әрекеттер туралы білсеңіз, дереу полицияға хабарлаған жөн. Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік — әр азаматтың өз жауапкершілігінде.