"Сұңқар" зымыран-тасығышы Байқоңырдан алғаш рет ұшырылды

Сурет: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Байқоңыр ғарыш айлағында маңызды тарихи оқиға өтті. №45 ұшыру алаңынан "Союз-5/Сұңқар" перспективалы зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды. Бұл туралы 2026 жылғы 30 сәуірде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, ұшу-конструкторлық сынақтар аясында зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеп, габариттік-массалық макет есептелген траекторияға сәтті шығарылды. Бұл бастама Қазақстанның әлемдік ғарыштық қызмет көрсету нарығындағы үлесін арттыру үшін күрделі инженерлік нысанның толық пайдалануға дайын екенін растады. "Бәйтерек" жобасы – еліміздің жеке заманауи ұшыру инфрақұрылымын пайдалануға көшуіне мүмкіндік беретін стратегиялық жетістік.

Кешенді құру барысында жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту, ұшыру жүйелерін, басқару, жанармай құю және қауіпсіздік жүйелерін салу мен бейімдеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Енгізілген шешімдер ұшу алдындағы операцияларды автоматтандырудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді және халықаралық сенімділік стандарттарына толық сәйкес келеді.

"Бәйтерек" ҒЗК жобасын іске асыру – соңғы жылдардағы ең күрделі технологиялық жобалардың бірі. Автоматтандыру және қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретін заманауи кешен құрылды. Бүгінгі ұшырылым Қазақстанның ғарыш индустриясына толыққанды қатысу үшін барлық қажетті элементтерді, соның ішінде жеке ұшыру инфрақұрылымын, ұлттық спутниктік жобаларды және жоғары білікті инженерлік кадрларды қалыптастырғанын дәлелдейді.

"Бәйтерек" зымыран кешенінің сәтті ұшырылуы ғарышты игеруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, ал жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға және орбитаға ғарыш аппараттарының кең желісін шығару әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұшыруға дайындық жұмыстары барлық тораптар мен агрегаттардың мінсіз жұмыс істеуіне басымдық бере отырып, технологиялық регламенттерге қатаң сәйкестікте жүргізілді.

Жаңадан құрылған ғарыш зымыран кешенін пайдалану үшін 40-тан астам техникалық жүйе жұмылдырылды. Сынақтардың толық циклі барысында олардың тиімді өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді.

"Прогресс" зымыран ғарыш орталығанда әзірленген "Союз-5/Сұңқар" тасығышының техникалық сипаттамалары төмен жер маңы орбитасына 17 тоннаға дейін пайдалы жүкті шығаруға мүмкіндік береді. Зымыран қуатты әрі тексерілген қозғалтқыштармен жабдықталған: бірінші сатыда – РД-171МВ және екінші сатыда – РД-0124МС. Fregat күшейткіш қондырғылар тобын және әртүрлі пайдалы жүктемені орнату опцияларын пайдалану тапсырмалардың кең ауқымын шешуде икемділікті қамтамасыз етеді.

"Бәйтерек" кешені мен "Союз-5/Сұңқар" зымыраны керосин мен сұйық оттегі сияқты улы емес отынды қолдана отырып, экологиялық таза космонавтиканың болашағын айқындайды, сондай-ақ ғылымды дамыту мен елдің индустриялық әлеуетін нығайту үшін жаңа перспективалар ашады.

Қазақстан
Ресей

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады

Димаш Құдайберген маңызды үндеу жасады

Дабылды ескерту: Қазақстанда найзағай мен дауыл күтілуде

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңа Конституция – әр азаматқа тең мүмкіндік пен стратегиялық даму кепілі