Журналистер жанармай бағасы оның сапасына сай емес деген пікір айтты.
Министр бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді.
"Сапасына келіспеймін. Біздің үш мұнай өңдеу зауыты шығаратын отын түрлері барлық стандарттарға сәйкес келеді. Қажет болса, пресс-тур ұйымдастыруға дайынмын, сонда сіздердің көз алдарыңызда жанармай өндіріледі және зертхана оның барлық талаптарға сай сапасын көрсетеді", – деді Ақкенженов.
Баға мәселесіне келсек, министрдің айтуынша, оның өсуіне әсер ететін көптеген негізгі факторлар бар, соның бірі – мұнай өндіру көлемінің төмендеу үрдісі.
"Әлемдік трендтер бар, сондай-ақ ішкі сұраныс пен ұсыныс бар. Біз өнімді өзіндік құнынан төмен бағамен сата алмаймыз. Қазақстанда мұнай қоры бұрынғыдай көбейіп жатқан жоқ. Қызылорда облысында мұнай өндіру айтарлықтай азайды, Ақтөбе облысында да төмендеу бар. Теңіз кен орнында өсім болғанымен, Қазақстан белгілі бір деңгейге – өндіріс шегіне жетеді. Одан кейін төмендеу үрдісі басталады. Бұл алдағы 10 жыл ішінде болады", – деп қосты министр.
Бұған дейін Энергетика министрі бензин бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдіргенін жазғанбыз.