Спикердің айтуынша, 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар алты негізгі бағыт бойынша 59 іс-шараны жүзеге асыруды көздейді.
"Олардың арасында жалақыны көтеру, инфляцияны төмендету, нақты табыстың өсуі, адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, салықтық және әлеуметтік шаралар, сондай-ақ борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржылық белсенділігін жақсарту бар",- деді Азамат Әмрин.
Бұл ретте, жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру басым бағыттардың бірі ретінде танылған.
"Бүгінде еңбекақы төлеу қорының қосылған құндағы үлесі шамамен 30,6%-ды құрайды, ал орташа және медианды жалақы арасындағы алшақтық – 39,2%. Бұл мәселелерді шешу үшін ең төменгі жалақыны арттыру, жалдамалы жұмыскерлер табысының, азаматтық қызметшілердің жалақысының өсуіру, табиғи монополиялар субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын ұлғайту және мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үш жыл сайын индекстеу көзделген. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің жүйелі шаралары қарастырылған",- деп толықтырды ол.
Атап өтілгендей, құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыру, сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономикалық өсудің инклюзивті моделін қалыптастыру.
Бұған дейін елімізде халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданғанын жазғанбыз.