Алматы хайуанаттар бағында керқұланның құлыны дүниеге келді

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы хайуанаттар бағында керқұланның (Пржевальский жылқысы) Құрбанкүл атты биесі құлындады. Құлынға Желмая деп ат қойылды. Бұл Құрбанкүлдің екінші төлі.

Бұл құлынның дүниеге келуі ерекше маңызға ие. Себебі керқұлан – Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген, әлемдегі ең сирек кездесетін жабайы жылқы түрлерінің бірі. Хайуанаттар бағында оның төлін алу осы түрдің генетикалық әртүрлілігін сақтауға және тұрақты популяциясын қалыптастыруға бағытталған халықаралық табиғат қорғау бағдарламаларының маңызды бөлігі саналады.

Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды сақтау жөніндегі халықаралық бағдарламаларға қатысады. Олардың қатарында ақбөкен, ақ аю, ақиық қыран және керқұлан бар. Сирек кездесетін жануарлардың әрбір төлі хайуанаттар бағы ұжымы үшін ғана емес, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және жойылып кету қаупі төнген түрлердің болашағын қамтамасыз етуге қосылған нақты үлес.

"Пржевальский жылқысының әрбір құлынының дүниеге келуі – мамандарымыздың ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жануарларға барынша қолайлы жағдай жасалып, жұптар халықаралық асыл тұқымды бағдарлама ұсынымдарына сәйкес іріктеледі, тұрақты ветеринариялық бақылау жүргізіледі. Әрбір құлынның аман-есен дүниеге келуі атқарылған жұмыстың нәтижелі екенін және әлемде сақталып қалған жалғыз жабайы жылқы түрін қорғауға үлес қосып отырғанымызды көрсетеді", – деді Алматы хайуанаттар бағы директорының зооветеринариялық бөлім жөніндегі орынбасары Ағыбай Әжібаев.

Жануарлардың тыныштығын сақтау мақсатында керқұлан отбасы келушілерге жабық арнайы тыныш аймақта ұсталады. Қазіргі уақытта Құрбанкүл, құлын Желмая және айғыр Мерей мамандардың тұрақты бақылауында. Биенің де, құлынның да жағдайы жақсы, төл қалыпты дамып келеді.

Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін жануарларды сақтау бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді. Мұнда оларды күтіп-бағуға, көбейтуге қолайлы жағдай жасалып, халықаралық табиғат қорғау бағдарламаларына белсенді түрде қатысуда.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев суррогат ана қызметіне тапсырыс бере алатын азаматтарға қатысты заңға қол қойды

Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді: өзгерістер хронологиясы

Денсаулық сақтау министрлігі аптап ыстыққа байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады

Алматы мен Шымкентте аптап ыстыққа байланысты көшелерге су себіліп жатыр

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған кітап жарық көрді