Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты. Биыл қалада шамамен 4,7 мың орынға арналған 13 жаңа жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Алматыда 221 мыңнан астам студент оқиды, оның 149 мыңы өзге өңірлерден келген жастар. Бүгінде қалада жалпы сыйымдылығы 46,2 мың орындық 136 студенттер жатақханасы жұмыс істейді. Қазіргі тапшылық шамамен 5,7 мың орын.
Осы мәселені шешу мақсатында Алматы әкімдігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, студенттер жатақханаларының құрылысын үйлестіру жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысын ұйымдастырды.
2025 жылы қалада 4,5 мың орынға арналған 13 жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, студенттердің тұрғын үймен қамтылу деңгейі мен алдағы құрылыс жоспарларын қамтитын қажеттілік картасы әзірленді.
2030 жылға дейін Алматыда 20 мыңға дейін жаңа орын ашу жоспарланып отыр. Бұл студенттер жатақханаларына деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.