Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 27 шілдеде Қазақстан энергетика министрінің кеңесшісі әрі ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта ҚТК-ның теңіздегі екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр. Екі кеме де "Теңізшевройл" ЖШС-нің мұнайын қабылдап жатыр", – деді ол.
Энергетика министрінің кеңесшісі мұнай қабылдаудың қайта жандануы өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастырып, теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Теңіз терминалындағы алдағы жұмыстар қазіргі жағдайды бағалау және қажетті қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүргізіледі", – деді Әсел Серікпаева.
Оның айтуынша, Қазақстанның Энергетика министрлігі ҚТК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және осы процеске қатысатын өзге де тараптармен тұрақты байланыста.
"Ведомство жағдайды бақылауды және Қазақстан мұнайын одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырады", – деп қорытындылады Әсел Серікпаева.
2026 жылғы 20 шілдеге қараған түні Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеліп жатқан NELSA танкерінде ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылынан өрт шықты. ҚТК бұған дейін азаматтық танкерлерге жасалған шабуылдан кейін Қазақстан мен АҚШ-тың жүк жөнелтушілеріне тиесілі мұнайды тиеу жұмыстары 19 шілде кешінде қайта басталғанын хабарлады.
Бір күн бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Қара теңіз айдынында Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға қатысқан азаматтық кемелерге жасалған дрон шабуылдарын қатаң айыптайтынын мәлімдеді.
Ал 23 шілдеде Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының жұмысы мен мұнай өндіру көлеміне қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство Қара теңіз айдынындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚТК теңіз терминалындағы мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.
Мұнайды құбыр жүйесіне қабылдауға қойылған шектеулерге және резервуарлық парктердің шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу қажеттілігіне байланысты мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін жоспарлы түрде түзетті. Соның салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.