Сапар барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, білім беру нысандарының жағдайы, өндіріс саласын дамыту және еңбек қауіпсіздігі мәселелері күн тәртібіне шығарылды.
Жұмыс сапары алдымен аудан әкімдігінде зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуден басталды. Басқосуда өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, Мемлекет басшысы айқындаған "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесуге қатысушылар өңірдің тұрақты дамуы үшін қоғамдық келісім мен бірліктің маңыздылығына тоқталып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі
Одан кейін облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуден өтіп жатқан Мойынқұм орта мектебіне барып, құрылыс жұмыстарының барысын зерделеді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарының шамамен 60 пайызы орындалған. Нысанда мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі ескертілді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі
Жұмыс сапары аясында Шу қаласындағы 30 орындық "Алға" бастауыш мектебінің де мәселесі назардан тыс қалмады. Соңғы жылдары білім алушылар санының артуына байланысты тұрғындар тарапынан жаңа білім беру нысанын салу туралы ұсыныстар айтылып келеді. Осыған байланысты аудан әкімдігіне мәселені жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі
Бұдан кейін "Shengtai Biotech LTD. Fufeng Group" ЖШС жүгері өңдеу зауытында кәсіпорын басшылығымен кездесу өтті. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлермен өзара әріптестікті нығайту, өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарын тәмамдаған мамандарды жұмысқа тарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістегі әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселелері сөз болды.
Жұмыс сапарының қорытындысында Серік Сәлемов "Jibek Joly" арнайы экономикалық аймағына барып, ондағы өндіріс орындарының қызметімен және жұмысшыларға жасалған еңбек жағдайымен танысты.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі
Жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Өңірдегі әлеуметтік нысандардың сапалы жұмыс істеуі, өндірістің тұрақты дамуы және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.