Оралда "Халық Қаһарманы" Иван Степанович Гапичті ақтық сапарға шығарып салды

Сурет: ҚР Бас прокуратурасы
Орал қаласында Қазақстан Республикасының"Халық Қаһарманы", Ұлы Отан соғысының ардагері, прокуратура органдарының ардагері Иван Степанович Гапичті 103 жасында ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ресми ақпаратты 2026 жылғы 6 тамызда ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.

Отан мен Заңға адал қызмет етудің жарқын үлгісіне айналған көрнекті тұлғаны соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев арнайы келді. Рәсімге сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жұртшылық, марқұмның туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың атынан Иван Степановичтің отбасы мен жақындарына көңіл айту сөздері жеткізілді. Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Ғалымжан Қойгелдиев Иван Степановичтің есімі отандық прокуратура тарихында ерлік пен мемлекетке адал қызмет етудің, өз ісіне шексіз берілгендіктің символы ретінде мәңгі сақталатынын атап өтті.

Соғыс жылдары Иван Степанович үшін үлкен сынақ кезеңі болды. Ол Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысып, ерекше батылдық, қайсарлық және ерлік танытты. Майданда Отанын қорғағаннан кейін бейбіт өмірде де елге қызмет етуді жалғастырды. Оның өмір жолындағы ерекше белестердің бірі – Мәскеуде өткен Жеңістің екі тарихи шеруіне: 1945 жылғы 24 маусымдағы және 2010 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс шерулеріне қатысуы болды.

Иван Степанович прокуратура органдарындағы көпжылдық қызметінде жоғары кәсібилігімен, принципшілдігімен және мінсіз адалдығымен әріптестерінің зор құрметіне ие болды. Ол Қарағанды қаласының Сталин ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры қызметтерін атқарды, сондай-ақ республика прокуратурасының орталық аппаратында аса маңызды істер жөніндегі тергеуші болып жұмыс істеді. 1966 жылы Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, осы қызметте жиырма жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шығып, қызметін аяқтады.

Оның көпжылдық қызметі заңдылық пен әділеттілікті нығайтуға елеулі үлес қосты, ал өнегелі өмір жолы прокуратура қызметкерлерінің бірнеше буынына үлгі болды.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңістің екі тарихи шеруінің қатысушысы, прокурор әрі "Халық Қаһарманы" Иван Степанович Гапичтің жарқын бейнесі туған-туыстарының, әріптестерінің және оны тану бақыты бұйырған барша жанның жүрегінде мәңгі сақталады.

Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапич 2026 жылғы 4 тамызда 103 жасында дүниеден өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Қазақстан
Орал
ҚР Бас прокуратурасы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Виза үшін 20 мың долларға дейін: АҚШ 50 ел азаматына тұрақты кепілдік енгізеді

"Жақсы жаңалығым бар!". Мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің тізімі 7 тамызда жарияланатыны белгілі болды

Қазақстан мектептерінде кейбір пәндердің атауы өзгеріп, жаңа сабақтар енгізілді

Алматыда жеке клиникада баланы сүндеттеген дәрігердің ісін арнайы комиссия қарамақ

ШҚО-да су бетіне сапбордпен шыққан екі шетелдік қиын жағдайға тап болды