Бұл туралы "Қазгидромет" РМК сайтында жарияланған ескертуде айтылған.
"2026 жылғы 23 тамызда Ақтөбе қаласында, ал түнде Атырау қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі", – делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды, ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың, атап айтқанда желсіз ауа райы, әлсіз жел, тұман және инверсияның жиынтығы.
ҚМЖ кезінде тұрғындарға ашық ауада, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластаушы көздердің маңында ұзақ жүрмеу ұсынылады. Ал өкпенің созылмалы, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруге кеңес беріледі.
Бұған дейін "Қазгидромет" 23 тамызға арналған дауылды ескерту жариялаған болатын. Синоптиктер Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қазақстанның 16 облысында қауіпті ауа райы құбылыстары болуы мүмкін екенін ескертті.