Ақтаулық Құрылтай есімді тұрғын дауыс беруге келді: Маңғыстаудағы сайлау несімен ерекшеленді

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров
Өрмекші адам және Джеки Чанның «Құдайдың қаруы» фильмінің түсіріліміне қатысушылар Ақтаудағы сайлау учаскелерінде дауыс берді. Өз таңдауын белгілі спортшылар мен музыканттар, ұлттық киімдегі садақшылар және Құрылтай есімді Ақтау тұрғыны жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақтаудағы сайлау учаскелерінің біріне "Супер Марионың ағайындылары" мультфильмінің кейіпкерлері келді. Ер адамдардың айтуынша, олар бұл образдарды алдын ала ойластырған. Мақсаттары – сайлауға келген тұрғындардың көңіл-күйін көтеру.

Ал басқа бір учаскеде "Өрмекші адам" дауыс берді. Ерекше киім киген Ақтау тұрғыны бірден сайлаушылардың назарын аударды.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

"Қазір бүкіл әлемнің назары "Өрмекші адам" фильміне ауып отыр. Сондықтан мен трендтегі кейіпкердің костюмін киюді шештім", — деді Ақтау тұрғыны.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

Дауыс бергендердің қатарында Маңғыстауда да түсірілген Джеки Чанның "Құдайдың қаруы" фильмінің түсіріліміне қатысқан азамат та болды.

Ерсұлтан Ислам — полиглот. Бұрын мұнай саласында жұмыс істеген ол қазір гид-аудармашы болып еңбек етеді және қазақ, түрік, ағылшын, орыс және қытай тілдерін жетік меңгерген.

Сурет: Zakon.kz.

"Құрылтай" атауының өзі терең тарихи тамырға ие, ол ұлттық болмысымызды көрсетеді. Әр тілдің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан қазақша атаулардың кеңінен қолданылуы халқымыздың тарихи санасын нығайтады деп есептеймін. Бұған дейін саяси науқандарға қатысып көрмеген едім. Бүгін алғаш рет сайлауға келіп, азаматтық борышымды орындадым", — деді ол.

Кейбір сайлау учаскелерінде тұрғындарды роботтар қарсы алды. Мәселен, робот-ит Құрылтай депутаттарын сайлауға ата-аналарымен бірге келген балаларды ерекше қуантты. Көпшілік ерекше "итпен" селфи жасауды да ұмытпады.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

Ерекше көріністер Ақтауда ғана емес, Жаңаөзенде де болды. Мұнда сайлауға ұлттық киім киген садақшылар келді. Олар қазақ тарихымен тығыз байланысты садақ атудың ерекшеліктері туралы айтып берді.

"Садақ ату — халқымыздың тарихымен тығыз астасып жатқан өнер. Біз бұл дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. Бүгін сайлауға ұлттық болмысымызды айшықтайтын киіммен келдік. Бұл — осы құндылықтарға деген құрметіміздің белгісі", — деді садақшылардың бірі.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

Ал ерекше есімімен көпшіліктің назарын аударған сайлаушы — Құрылтай Хожабаева.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

Ол таңертеңнен бастап ұлттық киім киіп, сайлау учаскесіне келді.

"Мен үшін бұл күн ерекше. Менің есімім — Құрылтай. Сондықтан учаске ашылған кезде алғашқылардың бірі болып келуді шештім. Сайлауға қатысу — әрқайсымыздың жауапкершілігіміз деп есептеймін", — деді Құрылтай Хожабаева.

Таңертеңнен бастап йогамен айналысатын әйелдер де дауыс берді. Олар күн сайын теңіз жағалауында таңғы жаттығу жасайды. Жаттығудан кейін сайлау учаскесіне барып, өз дауыстарын берді.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

"Денсаулыққа қамқорлық жасау мен қоғам өміріне белсенді қатысу — бір-бірімен байланысты құндылықтар. Біз әр таңымызды пайдалы жаттығудан бастаймыз. Бүгін де бұл дәстүрден жаңылмадық. Жаттығудан кейін бірден сайлауға келіп, азаматтық борышымызды орындадық", — деді ақтаулық тұрғындар.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

Ал сайлау күнінің таңын теңізде бастағандардың бірі — скрипкашы Алия Жаналиева. Ол Каспий теңізінің ортасында ерекше музыкалық қойылым ұйымдастырды. Өнер көрсету демалушылар мен сапборд тебушілердің назарын бірден аударды.

Музыканттың айтуынша, ол осылайша дауыс беру күніне мерекелік көңіл-күй сыйлауды көздеген. Қойылымнан кейін Алия бірден сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

"Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Мен өз таңдауымды жасап қойдым және барша азаматты дауыс беруге шақырамын. Өйткені бұл — біздің құқығымыз ғана емес, еліміздің болашағына ықпал етудің мүмкіндігі", — деді Алия Жаналиева.

Сурет: Zakon.kz/Кирилл Александров

Бүгін Ақтаудағы сайлау учаскелерінде жәрмеңкелер, ұлттық ойындар мен фотозоналар ұйымдастырылды. Ақтаулықтар тақырыптық фоторамкалар алдында суретке түсіп, селфи жасап, кейін дауыс бере алды.

Сонымен қатар тұрғындар асық ату немесе ләңгі тебу ойындарында күш сынасты.

Қазақстан
Ақтау
Құрылтай

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жамбыл облысында Құрылтай сайлауы белсенді өтуде

Атыраудың күші: рекордшы сайлау учаскесі алдында КамАЗ көлігін сүйреді

Денсаулық сақтау министрлігі балаларды медициналық тексеруден өткізу ережелерін жаңартты

Ақтөбелік шебер Әбілқайыр ханның мөрін қайта жасап шықты

Сайлаушылардың көңіл күйі жақсы: "СОЦИС-А" супервайзері Жезқазғандағы экзитпол қалай өтіп жатқанын айтты