Сайлаушылардың көңіл күйі жақсы: "СОЦИС-А" супервайзері Жезқазғандағы экзитпол қалай өтіп жатқанын айтты
Фото: Zakon.kz
Сайлау қорытындысын алдын ала анықтауға бағытталған әлеуметтанулық зерттеу еліміздің барлық өңіріндегі 200 сайлау учаскесін қамтиды. Дауыс беріп шыққан азаматтар арасында сауалнама "exit poll" әдісімен жүргізіледі. Оған қатысу ерікті әрі жасырын болады.
Экзитпол өтетін нысандардың бірі – Жезқазған қаласы білім бөлімінің №4 жалпы білім беретін мектебінде орналасқан 16 сайлау учаскесі.
Учаскедегі зерттеу жұмысына "Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана" ("СОЦИС-А") жеке қорының супервайзері Мөлдір Маратқызы жетекшілік етеді. Ол дұрыс жұмыс барысын үйлестіріп, сауалнаманың белгіленген әдістемеге сай жүргізілуін, жиналған мәліметтердің толықтығы мен дұрыс тіркелуін қадағалайды.
Zakon.kz тілшісі супервайзерден экзитпол жұмысының қалай ұйымдастырылатынын, мамандардың учаскеде қанша уақыт жұмыс істейтінін, сауалнаманың қай уақытта аяқталатынын және бір күнде қанша сайлаушының қамтылатынын сұрап білді.
"Сайлау уақытында біз экзитпол жүргіземіз. Яғни кіріп, дауыс беріп шыққан адамдардың арасында сауалнама жүргіземіз. Сауалнама, әрине жеке құжат талап етілмейді бұл жерде, анонимді түрде жасалынады. Біздің жұмыс уақытымыз таңғы жетіге дейін басталып кеткен, жұмыс уақыты 8 –де аяқталады. Сол кезде жұмысымызды аяқтаймыз. Адамдардың көңіл күйі жақсы, біздің интервьюлерге жақсы жауап беріп жатыр, жақсы көңіл күйде, ешқандай агрессивті қылық байқалмайды." Мөлдір Марат
Қазақстан бойынша сайлаушылар тізіміне 12 млн 605 мың 788 азамат енді.
Сайлау барысында қазақстандықтар бес жыл мерзімге Құрылтайдың 145 депутатын сайлайды. Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партиядан ұсынылған Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеді.
Алдағы тарихи Құрылтай сайлауы туралы толық ақпаратты осы жерден оқи аласыз.