14 тамызда 27 жастағы Алматы тұрғыны Мөлдір Советханова екі ұл мен бір қыз босанды. Бұл әйелдің табиғи жолмен болған екінші жүктілігі. Сәбилер жүктіліктің 32-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келді.
Нәрестелерге Айхан, Айбын және Айза деп ат қойылды. Туған кездегі салмақтары 1800, 1480 және 1400 грамм болды.
Дәрігерлердің уақытылы көрсеткен медициналық көмегінің арқасында нәрестелердің жағдайы тұрақтандырылды. Олар жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде қажетті ем қабылдап, кейін жоғары тәуелді жаңа туған нәрестелер бөліміне ауыстырылды. Қазір сәбилер мамандардың тұрақты бақылауында. Үйде оларды әкесі Әлібек пен төрт жастағы ағасы Айқын асыға күтіп отыр. Үшемнің дүниеге келуімен отбасы көпбалалы атанып, төрт баланың ата-анасы болды.
Екінші үшемді 31 тамызда Рахат Бигелдиева дүниеге алып келді. Сәбилер де жүктіліктің 32-аптасында мерзімінен бұрын кесарь тілігі арқылы туған. Отбасында екі қыз және бір ұл дүниеге келді. Ата-анасы оларға Ахмет, Халима және Әмина деп ат қойды.
Ұл баланың туған кездегі салмағы 1998 грамм, ал қыздардың салмағы 1412 және 1347 грамм болды.
Қазіргі уақытта Рахат Бигелдиеваның сәбилері жаңа туған нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Олар қажетті медициналық көмек алып, инвазивті емес тыныс алу қолдауымен қамтамасыз етілген.
Жаңа туған нәрестелердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімі дәрігерлерінің еңбегін атап өткен жөн. Мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі және үйлесімді жұмысының арқасында шала туған сәбилер өмірінің алғашқы сәтінен бастап қажетті медициналық көмек алады.
Енді үшемдерге күш жинап, салмақ қосу қажет. Дәрігерлер балалардың жағдайын жіті бақылап, қажетті ем-дом мен күтімді қамтамасыз етіп жатыр. Бұл сәбилердің алдағы уақытта үйлеріне аман-есен оралуына мүмкіндік береді.
Үшемнің дүниеге келуі – кез келген отбасы үшін қуанышты оқиға. Ал бір медициналық мекемеде бір айдың ішінде екі үшемнің дүниеге келуі – сирек кездесетін жағдай.
2026 жылдың басынан бері Алматы қалалық Перинаталдық орталығында төрт үшем дүниеге келді. Алғашқы екі үшем қаңтар және ақпан айларында туған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, шала туған балалардың шамамен 60%-ы Алматы қаласының Перинаталдық орталығында дүниеге келеді. Бұл медициналық мекеменің заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен және мамандандырылған бөлімдермен қамтамасыз етілуіне байланысты. Мұнда шала туған нәрестелерге күтім жасау бойынша мол тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар қызмет етеді.