Бектенов тұрақты экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылық қызметкерлердің біліктілігі мен еңбегіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы экономиканың әр саласына еңбек өнімділігін заманауи технологияларды қолдану арқылы арттыра алатын жаңа буын мамандары қажет екенін үнемі айтып келеді. Жұмысшы мамандықтарға ерекше назар аудару керек. Қазіргі жағдайда кез келген өндірісте жұмыс істейтін маман цифрлық басқару жүйелерімен кәсіби жұмыс істей алуы, сондай-ақ практикалық міндеттерді шешу үшін жаңа технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын қолдана білуі тиіс", – деді премьер-министр.
Оның пікірінше, мамандар даярлаудың қазіргі жүйесін осы талаптарға сай қайта құру қажет.
"Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа мамандардың еңбек нарығына тез әрі тәжірибеге бағытталған түрде шығуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан мемлекет экономикаға қажетті кадрларды даярлаудың негізгі буыны ретінде кәсіптік-техникалық білім беруді дамытуға басымдық беріп отыр. Бұған дейін колледждерге жыл сайын бюджет есебінен шамамен 93 мың студент қабылданса, биыл олардың саны 145 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар шәкіртақы көлемі 50%-ға артты, ал бір колледж студентін оқытуға бөлінетін қаржы екі есеге көбейді. Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа жатақханалар салу жұмыстарын жалғастыру қажет", – деді Бектенов.
Ол алдағы үш жылда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған шамамен 7,5 мың жаңа орын ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Бұл жоспар орындалуы тиіс. Сонымен қатар бірқатар қосымша шара қабылдау қажет. Мамандар даярлауды қаржыландыру колледждердің мүмкіндігіне емес, экономикадағы кадрларға деген нақты сұранысқа негізделуі керек. Одан кейін түлектердің жұмысқа орналасуы тұрақты түрде бақылануы қажет. Еңбек нарығындағы өзгерістерді алдын ала басқару үшін жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығын құру тапсырылды. Алайда бұл мәселеде ведомствоаралық үйлесімсіздік әлі де бар", – деді Бектенов.
Ол Ғылым және еңбек министрліктеріне осы жылдың соңына дейін орталықтың толыққанды жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жұмыс берушілер болашақта қандай мамандар мен қандай дағдылар қажет болатынын анықтауға қатысуы керек. Сол үшін олардың пікірін ескеретін нақты жүйе жасалуы тиіс екендігін айтты.