Журналистер Астанада тұрғын үйдің қасбетінің бір бөлігі опырылып, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын еске салды. Осы іс бойынша МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап берді. Осыған орай журналистер мұндай қызметті атқаруға ниетті адамдардың саны азайған-азаймағанын және министрлік МИБ төрағаларын қосымша қорғау жөнінде арнайы нормалар енгізуді жоспарлап отырған-отырмағанын сұрады.
"Егер МИБ болса, оның төрағасы да болады. Қазір барлық мүлік иелері бірлестігінің төрағалары бар. Кадр тапшылығын байқап отырған жоқпыз", – деді Жүнісбеков.
Министрлік МИБ төрағаларын қорғауға қатысты жеке нормалар әзірлеуді де жоспарлап отырған жоқ.
"Меніңше, МИБ төрағаларының құқықтарын арнайы қорғаудың қажеті жоқ. Неліктен? Өйткені олардың құқықтары қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен және заңнамамен қорғалған", – деп жауап берді ол.
Сонымен қатар оның айтуынша, бұл оқиға МИБ-тер бұрын назарға алмаған бірқатар жүйелі мәселені анықтаған.
"Қазір мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларымен кездесулер барысында оларға мемлекет белгілеген және жылжымайтын мүлік нысандарын тиісті деңгейде күтіп-ұстауға мүмкіндік беретін тетіктерді түсіндірдік. Сондай-ақ жауапкершіліктің қалай бөлінетінін, ғимараттарды қашан және қалай тексеріп, техникалық зерттеу жүргізу керектігін, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының қашан атқарылатынын түсіндірдік", – деп түйіндеді спикер.
2026 жылғы 1 қазанда судья жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза табуына қатысты іс бойынша сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішхатты қанағаттандырды.
Оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында болған. Сол күні Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шекті.