Астанадан Нью-Йоркке тікелей ұшу: Қазақстаннан АҚШ-қа әуе рейсі қашан ашылады

Фото: senate.parlam.kz
Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев 2026 жылғы 20 қазанда Астанада өтіп жатқан Aviation Security Week іс-шарасы аясында Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері қашан ашылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оның айтуынша, АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға дайындық аясында ауқымды жұмыс атқарылған. Бірнеше апта бұрын Қазақстанға АҚШ Федералдық авиация басқармасының аудиторлары келген.

"Құрамында жеті-сегіз инспектор болды. Олар мұнда бір апта жұмыс істеді. Қорытынды брифингте еліміздің азаматтық авиация жүйесінің жай-күйі мен халықаралық стандарттарға сәйкестігіне айтарлықтай жоғары баға берілді. АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасынан түпкілікті ресми есепті қараша айында күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін Қазақстан АҚШ аумағына рейстер орындауға ресми түрде құқық алады деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, алдымызға осындай міндет қойып отырмыз", – деді Талғат Ластаев.

Сондай-ақ ол желтоқсанда алыс қашықтыққа, соның ішінде АҚШ-қа ұшуға қабілетті Boeing Dreamliner ұшағы келеді деп күтіліп отырғанын хабарлады.

"Бұл ұшақ осындай рейстерді орындай алады. Оны пайдалануға кірісу үшін экипаждар мен техникалық мамандар осы ұшақта жұмыс істеу тәжірибесін жинақтап, қажетті ұшу сағаттарын өтеуі керек. Осы талаптардың бәрі орындалса, келесі жылдың ішінде тікелей рейс ашылады деп күтіп отырмыз", – деді көлік вице-министрі.

Оның сөзінше, АҚШ тарапынан Нью-Йорк қаласы қарастырылып жатыр, ал Қазақстанда Астанаға басымдық берілген.

Журналистер бұл рейстің коммерциялық тұрғыдан тиімді болатынын да сұрады.

"Ұшу қашықтығы едәуір ұзақ. Бірақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуын, қазір Қазақстанға деген қызығушылықты, инвестиция мен экономиканың өсуін ескерсек, бұл рейс табысты болады деп ойлаймын. Әрине, кез келген жаңа рейстің тұрақты жолға қойылуына уақыт қажет. Дегенмен уақыт өте келе оның коммерциялық тұрғыдан тиімді болатынына сенімдімін", – деп жауап берді ол.

Бұған дейін Алматы мен Токио арасындағы тікелей әуе рейстерінің қашан ашылатыны белгілі болған еді.

АҚШ
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

-7 градусқа дейін үсік, көктайғақ екпінді жел: қай өңірлерде ескерту жасалды

Астана әуежайында жолаушыларды биометрия арқылы сәйкестендіру жүйесі енгізілмек

Threads арқылы концерт билеттерін сатқан: астаналық жігіт алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Қазақстанда қайырымдылықтың бірыңғай цифрлық ресурсы құрылады

Солтүстік Қазақстан облысында көлік аударылып, үш әйел зардап шекті