Әлеуметтік желілерде Сәтбаев көшесінде төтенше жағдайлар қызметінің көптеген көлігі жиналған видео тарады.
"Таңғы сағат 5 шамасында өрттің иісі қатты шықты. Назарбаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында аспан қызғылт түске боялған еді. Кейін Достық даңғылының төменгі жағымен бірнеше полиция экипажы, үш үлкен және екі шағын өрт сөндіру көлігі өтті. Олар Сәтбаев көшесімен батысқа қарай бұрылды. Достық даңғылының жоғарғы жағынан тағы екі үлкен және бір шағын өрт сөндіру көлігі келіп, сол бағытқа бұрылды. Демек, бір жерде өрт болған сияқты. Сағат 7-ге қарай түтіннің иісі басылды", – деп жазды жергілікті тұрғындардың бірі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) баспасөз қызметі аталған ауданда өрт болғанын растады. Құтқарушыларға шақырту таңғы сағат 05:46-да түскен.
"Бүгін таңертең Алматы қаласының Медеу ауданында ТЖД бөлімшелері Абай даңғылы, 8 мекенжайында орналасқан төрт қабатты ғимаратқа өрт шыққаны туралы хабарлама бойынша жедел жетіп, оны сөндіруге кірісті. Өрт екінші қабатта 126 шаршы метр аумақты шарпыған. ТЖД қызметкерлері екі адамды эвакуациялады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт толық сөндірілді", – делінген ведомство хабарламасында.
Картадағы мәліметтерге қарағанда, өрт Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің аумағындағы ғимараттардың бірінде шыққан.