Әуе компаниясына қатысты тексеруге жолаушының шағымы негіз болған. Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Комитетпен және Астана қаласы бойынша аумақтық департаментпен бірлесіп, жоспардан тыс тексеру жүргізген.
"Тексеру барысында FlyArystan-ның ішкі қағидаларынан жолаушылардың құқықтарын шектейтін бірнеше талап анықталды. Атап айтқанда, әуе компаниясы тасымалдау шарттарын біржақты өзгертуге, өз жауапкершілігін шектеуге, кейбір алымдарды заңсыз өндіріп алуға жол берген. Бұдан бөлек, жолаушылардың ақшасын қайтару құқығы шектеліп, тұтынушыларды ақпараттандыру және жазбаша наразылық хаттарды қабылдау талаптары бұзылған", – деп хабарлады ведомство.
Осыған байланысты министрлік әуе компаниясына заңбұзушылықтарды жою және ішкі тасымалдау қағидаларын Қазақстан заңнамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берген.
Алайда FlyArystan тексеру нәтижелерімен келіспей, министрліктің нұсқамасын сот арқылы жоюға тырысқан.
2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әуе компаниясының талабын қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық сот та бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Осылайша, сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының әрекетін заңды деп танып, FlyArystan-ға берілген нұсқаманың негізділігін растады.
Сауда және интеграция министрлігі әуе компанияларының ішкі ережелері заңмен кепілдік берілген жолаушылардың құқықтарын шектемеуге тиіс екенін атап өтті.