Айта кетсек, сейсенбіде, 2026 жылы 20 қазанда Димаш алдын ала ескертпестен Tiktok-та алғаш рет тікелей эфирге шыққанын мойындады. Ол жанкүйерлерінің көпшілігі тікелей эфирге қосылуға үлгермей, көңілдері бұзылғанын да айтты. Ал бүгін, 21 қазанда әнші бұл жағдайды түзетуге уәде беріп, Астана уақытымен 22:00-де тікелей эфирге шығатынын әрі тың жаңалығымен бөлісетінін айтқан болатын.
Димаштың бұл жаңалығы жаңа деректі фильммен байланысты болып шықты.
"Өткенде Stringer шоуымен әлемді аралап, Нью-Йорктің Мадисон скверінде де көптеген көрермен жинап, Орталық Азиядан бірінші болып концерт берген едім. Өзім кадрға түскенді ұната бермесем де сырттымнан жігіттер сол кезде талай видео түсіріп, соның негізінде деректі фильм әзірлеген екен. Менің айтайын деген жаңалығым да осы еді. Бұл деректі фильм келесі айдың басында немесе ортасында жарық көреді. Мүмкін Ютуб желісінде оны тамашалап қаласыздар", - деді әнші тікелей эфирде.
Эфир көрермендері Димашқа Тик-ток сыйлықтарын аямай әрі тоқтаусыз жаудырды.
"Құрысын, керек емес. Мұның бәрі ақша дейді ғой. Маған шығындалмаңыздар бұлай. Ұят болады. Мен тек өздеріңізбен бір жүздессем дегенмін ғой осылай", - деді Димаш Құдайберген.
Сондай-ақ әнші тікелей эфирде тағы бір тың жаңалықпен бөлісті.
"Жақында халқыма жаңа альбомымды ұсынбақшымын. 2017 жылы Қытайда ән альбомым шыққан болатын. Араға, міне қаншама жылдар салып, тағы осындай бір альбомым жарық көрмек. Ол келесі жылы жария болады. Қазір туынды дайындалып жатқанын баса атап өтейін", - деді әнші.