Іс-шараны Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Zakon.kz желілік басылымымен бірлесіп ұйымдастырды. Форумға агенттік басшылары, Құрылтай депутаттары, танымал медиа тұлғалар және елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Сурет: Zakon.kz.
Тақырыптың маңыздылығына қарамастан, форум еркін әрі бейресми форматта өтті. Көрермендерге танымдық бейнероликтер, КВН әзіл-сықақ қойылымдары және интернет-алаяқтық тақырыбындағы викториналар ұсынылды.
Іс-шара өткен Мемлекеттік академиялық филармонияның фойесінде де келушілерге бірнеше тосынсый әзірленді. Атап айтқанда, арнайы ойындар арқылы кез келген адам алаяқтық схемалары туралы білімін тексере алатын ойын автоматы орнатылды.
Сурет: Zakon.kz.
Сондай-ақ ғимаратта кәсіби жарықтандыруы бар фототүсірілім алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар сол жерде жасанды интеллект технологияларының көмегімен фотосуреттерін өңдеп, жаңа "скин" ала алды.
Сурет: Zakon.kz.
ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов құттықтау сөзінде форумның басты мақсаты жастарға алаяқтық схемаларын тануды, жеке деректерін қорғауды және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды үйрету екенін атап өтті.
"Бұл міндеттің өзектілігін статистика да растайды. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 16 мыңға жуық дерегі, дропперлікке қатысты мыңнан астам қылмыстық іс және қаржы пирамидаларына байланысты 37 қылмыс тіркелді. Бұл сандардың артында нақты адамдар, жоғалған жинақтар мен отбасыларға тиген ауыр зардаптар тұр. Қылмыстық-құқықтық шаралармен қатар, агенттік құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта ықтимал жәбірленушілердің жүз мыңнан астамы отырған шамамен 3 мың сайт пен 33 чат бұғатталды", – деді Елемесов.
Сурет: Zakon.kz.
Іс-шараны ұйымдастырушылар форум мен жалпы кибералаяқтық жағдайына қатысты пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, ҚМА-ның Превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті Превенция басқармасының басшысы Андрей Давыдов бұл шараны жастар үшін аса пайдалы деп санайды.
"Цифрлық қауіпсіздік сабақтарын біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Мұнда жастарға, студенттерге интернет-алаяқтық, дипфейктер мен дропперлікке байланысты тәуекелдерді түсіндіріп, олардың қылмыстық схемаларға араласып кетпеуіне көмектесуге тырысамыз. Келесі жылы да осындай іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Давыдов.
Сурет: Zakon.kz.
"Біздің ойымызша, ең бастысы – алдын алу. Адам ақпараттан хабардар болса, алаяқтың айласына түспейді, оның әрекеттерін түсініп, тани алады. Сонда интернет-алаяқтықтың өзі де өзектілігін жоғалтады. Сұраныс болмаса, ұсыныс та болмайды. Сондықтан біз ресурстарымызды оқытуға бағыттаймыз. Адамдар қауіп туралы біліп, алдын ала ескертілсе, қателікке бой алдырмайды және ақшасынан айырылмайды", – деді ҚМА өкілі.
Ол мұндай жұмыстың тиімділігіне мысал ретінде қаржы пирамидаларын атады. Оның мәліметінше, осы бағыттағы қылмыстық істер саны үш есе азайған.
Zakon.kz аналитикалық-құқықтық департаментінің басшысы Александр Хан мұндай оқытудың негізі Қаржылық мониторинг агенттігінің практикалық жұмысы екенін айтты.
""ҚМА-дан цифрлық қауіпсіздік сабақтары" форумы тиімді өтіп, қатысушыларға нақты пайда әкелді. Өйткені ол ҚМА-ның практикалық жұмысына негізделген. Сарапшылар нақты мысалдар арқылы дипфейктердің, дропперліктің және әлеуметтік инженерия схемаларының қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Сондай-ақ жалған контентті қалай тануға және алаяқтардың айласына түспеуге болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Қауіпсіздікті сақтау үшін алаяқтардың жаңа схемалары мен алдау тәсілдерін біліп, олардың қаншалықты өзекті екенін түсіну маңызды", – деді Александр Хан.
Оның пікірінше, спикерлермен тікелей диалог және тақырыптық викторина қатысушыларға қауіп-қатерлер туралы біліп қана қоймай, өз дағдыларын интерактивті форматта тексеруге мүмкіндік берді.
Сурет: Zakon.kz.
"Іс-шараның форматын ерекше атап өткім келеді. Ұйымдастырушылар бұрынғыдай аудиторияның назарын сәтті ұстай білді. Танымал спикерлер мен медиа тұлғалардың қатысуы жастармен цифрлық қауіпсіздік туралы әңгімені ашық әрі түсінікті етті. Ең бастысы – пайдалы болды", – деп түйіндеді ол.
Форум соңында викторина нәтижесі бойынша үздік деп танылған бес студент ҚМА-дан естелік сыйлықтар алды.
Бұған дейін интернет-алаяқтықтан зардап шеккен қазақстандықтарға миллиардтаған теңге қайтарылғаны хабарланған болатын.