Шымкентте ауданаралық тіркеу және емтихан алу бөлімнің бұрынғы басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды zakon.kz Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Сарыағаш ауданаралық тіркеу және емтихан алу бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі жарияланды.
- Б.Ешанқұлов облыстық және аудандық РЕО басшыларымен бірге ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болып, 2015 - 2016 жылдары қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жүргізуші куәлігін тиісті сараптамасыз заңсыз берген деп күдікке ілініп, ол кінәлі деп танылды. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне пара берді деп айыпталды, делінген сот хабарламасында.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындады.
- Сот үкім шығарған кезде жеңілдік шараларын қарастырып, оның қылмыстағы рөлі, сотталушының жеке басы және кәмелетке толмаған төрт баласы болғанын ескерді. Сот Б.Ешанқұловты 10 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды. Ол «полиция подполковнигі» арнайы атағынан да айырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп мәлімдеді сот.