Жылытылатын аялдаманы бүлдіргісі келген бұзақыны полиция ұстады, деп хабарлайды zakon.kz елордалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25 желтоқсанда сағат 3.03 шамасында 102 шұғыл байланыс желісіне қала тұрғыны қоңырау шалып, Бейбітшілік көшесіндегі жылытылатын аялдаманы ер адам бүлдіргісі келіп жатқанын хабарлады.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп жеткенде үстіндегі киімдерін шешіп тастап, жылы аялдаманы бүлдіруге әрекет қылған ер адамды көрді. Полиция қызметкерлері оған тұра ұмтылғанда, ол қарсылық көрсетіп, қолындағы ағаш орындықтың бір бөлігін шошаңдатып, өзіне тәртіп сақшыларын жақындатпауға тырысқан. Бірақ санаулы минут ішінде полиция қызметкерлері оны жерге алып ұрған.
- Қазіргі уақытта қаскөйдің 1975 жылғы Артем Беленький екендігі анықталды. Ол бұрын бірнеше рет қарақшылық және ұрлық жасағаны үшін сотталған, ұстау кезінде мас күйде болған. Бұл азамат жақында түрмеден босап шығыпты. Елордада тұрақты мекен-жайы жоқ. Сондай-ақ, ол ұрлық жасады деген күдікке ілінді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, яғни "Бұзақылық" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұсталған адам Нұр-Сұлтан полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады полициядағылар.