Қарасай ауданының жол сақшылары арнайы шара барысында мотоцикл тізгіндеген жүргізушіні тоқтатып, қолданыстағы заңнама талаптарын өрескел бұзғаны үшін оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің төрт тармағы бойынша айыппұл салды, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарасай ауданының полицейлері "Мотокөлік" жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында мотокөлікті басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жүргізушіні анықтаған. Құжаттарын тексеру барысында аталған көліктің мүлдем басқа адамға тиесілі екені және жүргізушінің мотокөлікті басқаруға құқығы жоқ екені банықталған.
"Бұл дерек бойынша мотокөлікті басқарған азаматқа қөлікті құжатсыз басқарғаны, міндетті сақтандыру құжатының болмағаны және мото басқаруға міндетті қажет етілетін дулығаның болмағандықтан 3 әкімшілік хаттама, сондай-ақ мотокөлік иесіне басқаруға құқығы жоқ тұлғаға көлігін сеніп тапсырғаны үшін бір хаттама толтырылды", - деп атап өтті Қарасай ауданы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Ғалымжан Жолдасбаев.
Полиция өкілінің айтуынша, Қарасай ауданының жол сақшылары жыл басынан бері мотокөлік басқару кезінде заң талаптарын сақтамаудың 35 астам дерегін әшкерелеген. Әр дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған.