Ақмола облысында заңсыз алтын іздеушілерді ұстау кезінде полиция аспанға оқ атты

Полицейские, сотрудники полиции, полиция, задержание, арест, наручники, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.10.2026 14:05 Фото: Zakon.kz
Ақмола облысында алтын өндіретін кәсіпорын аумағына заңсыз кірген адамдар полицияға қарсылық көрсеткен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлеуметтік желіде 2026 жылғы 21 қазанда кешке ондаған адамның "Ақсу" тау-кен байыту комбинатының аумағына кіргені туралы ақпарат тарады. Оқиға жөнінде құқық қорғау органдарына хабарланған. Желіде жарияланған мәліметке сүйенсек, заңсыз алтын іздеушілер жедел әрекет ету жасағының қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, қашуға тырысқан. Нәтижесінде 13 адам ұсталған.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 23 қазанда оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, оның Бестөбе кентінде болғанын нақтылады. Онда полиция заңсыз алтын өндірудің жолын кесу үшін жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізген.

"Іс-шаралар барысында заңсыз алтын іздеушілер тобы полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтату және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері аспанға ескерту оқтарын атты. Осыдан кейін құқық бұзушылар ұсталды. Барлығы 13 адам ұсталып, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Полиция бағалы металдарды заңсыз өндірудің жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кез келген құқыққа қайшы әрекетке, соның ішінде полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбауға заң аясында тосқауыл қойылады", – делінген хабарламада.

Қазан айында Бестөбе кентіндегі шахта аумағынан бір күн аралықпен екі ер адамның мәйіті табылған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, олар нысан аумағына заңсыз кірген.

2026 жылғы мамырда да осы кенттегі кеніште осындай қайғылы оқиға болған: заңсыз алтын іздеген екі адам қаза тапқан.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: