Шымкентте қылмыстық топтар арасындағы қарулы қақтығыстың алды алынды

Шымкентте полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қалалық прокуратураның қатысуымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы бірнеше мекенжайда күдіктілерді ұстау жұмыстарын жүргізді.

"Нәтижесінде полицияға 25-38 жас аралығындағы 10 адам жеткізілді. Олардың үшеуі сот шешімімен қамалды, екеуі үйқамаққа алынды. Қалғандарының рөлі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады." Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі

Олардан заттай дәлелдемелер ретінде Макаров және ТТ тапаншалары, 4 травматикалық тапанша, АК-103 автоматы, 12 калибрлі МЦ 21-12 өздігінен оқталатын мылтығы және 410 калибрлі өздігінен оқталатын Сайга-410 карабині, 16 калибрлі қос ауызды тегіс ұңғылы ТОЗ мылтығы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 93 оқ-дәрі тәркіленді.


"Тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы жылдың қаңтар айының басында бір топ адам жергілікті тұрғынды ұрлап, қала сыртына алып кеткенін анықтады. Олар оны ұрып-соғып, пневматикалық қарумен жаралаған." Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі

Ер адам заңды түрде полицияға жүгінудің орнына, қылмыскерлерден кек алу мақсатында өзінің таныстарын қаруландырып, қару-жарақ ала бастаған. Бірақ полицияның кәсіби және жедел әрекетінің арқасында адам шығынына әкеп соғуы мүмкін қарулы қақтығысты тоқтату мүмкін болды.

Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Шымкент қаласы ПД-ның тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 287-бабы 4-бөлігі (Адамдар тобының атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алуы, сақтауы, алып жүруі немесе тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр


Шымкент Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: