Жәңгір хан университетінің 60 жылдығына орай білім ордасында форум өтті

Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі
Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 60 жылдық мерейтойына орай "Түлектер мен қамқоршылар" форумы өтті.

Биыл Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына – 60 жыл. Осы жылдар ішінде университет еліміздің түрлі салаларының дамуына қызмет етіп жүрген мыңдаған түлектердің альма-матеріне айналып үлгерген.

Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев білім мен ғылымның қарашаңырағына айналған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-техникалық университеті ұжымы мен түлектерін 60 жылдық мерейтоймен құттықтады.

"Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Жолдауында ауылшаруашылығы саласының ғылыммен, инновациямен ұштастыру қажет екенін айтып, саланың стратегиялық маңызды рөлін атап кетті. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру қажеттігіне, шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керектігіне баса назар аударды. Президентіміздің осы тапсырмасын іске асыруда Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ұжымының рөлі зор деп білемін және ел игілігі үшін бірге жұмыс атқаратынымызға сенемін. Университет 60 жылда елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, Қазақстанның жетекші университеттері арасынан лайық орынын ала білді. Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің 2022 жыл қортындысы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жетекші техникалық университеттердің рейтингісінде 4 орынға ие болды. Ол - үлкен жетістік", - деді облыс әкімі өз құттықтауында.


Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі


Айта кетейік, білім ордасы 17 жоғары және 19 жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары, оның ішінде 14 магистратура және 5 докторантура бағдарламалары бойынша кәсіби мамандар даярлайды.

Бүгінде Жәңгір хан университетінің Қытай, Өзбекстан, Ресей, Беларусь сынды шетелдік серіктестермен бірлескен 8 білім беру бағдарламасы бар. Сонымен қатар жәңгірхандық студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Еуропа университеттеріне, атап айтқанда Чехия, Польша елдеріндегі жоғары оқу орындарына баруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ оқу орнына шақыртумен келетін Еуропаның, Ресейдің жетекші ғалымдары студенттерге дәріс оқып, тың бағыттарға жол ашады. Ал қазақстандық жетекші университеттер мен отандық ғалымдар бірлесе кәсіби мамандар даярлауға атсалысады.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ баспасөз хатшысының берген мәліметіне қарағанда, оқу ордасының ғылыми жетістіктері де аз емес. Соңғы бес жылдың өзінде университет ғалымдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Профессор, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев "Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайызы" рейтингісі бойынша ғылыми жұмыстары көп сілтеме жасалатын ғалымдардың тізіміне енді.


Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі


Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университеті арасындағы екіжақты меморандум негізінде ғылым мен білім беру саласындағы әріптестік әлеуеті артты. Батысқазақстандық университетте уфалық ЖОО-ның өкілдігінің ашылуы – осы жұмыстардың нәтижесі.

Бүгінгі таңда университетте 344 профессор-оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты, 47 PhD.

Жәңгір хан университеті өзінің 60 жылдық тарихында сан мыңдаған кәсіби мамандар дайындады. Түлектер Батыс Қазақстан облысынан басқа да өңірлерде түрлі кәсіпорындарда, өндіріс ошақтарында, ауыл шаруашылық құрылымдарында, мекеме-ұйымдарда жемісті еңбек етуде. Олардың арасында жоғары басшылық лауазымдарда, жауапты қызметтерде жүрген табысты түлектер де аз емес.


Сурет: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі


Университетте запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлайтын Әскери кафедра жұмыс істейді. Жәңгір хан университетінде білім алушылардың әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Университет аумағында 2140 орындық төрт студенттік үй бар.Университеттің ғана емес, облыстың, қала берді еліміздің намысын қорғайтын спортшылар – білім ордасының мақтаныштары. Білім алушылар арасында 4 әлем чемпионы, 7 әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионатының 4 жеңімпазы және 8 жүлдегері, 20-ға жуық ҚР чемпионы бар. Жаңа үлгіде салынған "Жәңгір хан" спорт кешенінде спорттың 17 түрі бойынша жұмыс жүргізіледі.

Биыл Жәңгір хан университетіне 1300-ден астам студент оқуға қабылданып, жалпы 4000-нан астам студент жаңа оқу жылын бастады. БҚАТУ қазіргі таңда Қазақстандағы ЖОО арасында 18-орында болса, Орталық Азия жоғары оқу орындарының арасында – 23-орында.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қытайда пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді

Жұмыстан босатылған қазақстандықтарға төленетін әлеуметтік төлемдер: мемлекеттен қалай көмек алуға болады

2025 жылға арналған әкімдіктердің қарыз лимиті бекітілді

Қазақстанның 25 көрікті жерінің үздік топтамасы

БҚО-да полицейлер із-түссіз жоғалған қызды аман-есен тапты