"Дүкенге шыққанмын". Астанада әскери қызметкер өртеніп жатқан көліктегі адамды құтқарды

Әлеуметтік желіде өртеніп жатқан көліктің ішіндегі адамды алып шыққан әскери қызметкердің видеосы тарады. Аталған оқиға 2023 жылы 3 желтоқсанда Астана қаласында болғаны анықталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, видеодағы әскери қызметші - Мейрамбек Ысқақов взвод сержанты, 68665 әскери бөлімінің жауынгерлік және дене шынықтыру нұсқаушысы.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

"2023 жылдың 3 желтоқсанында кешкі уақытта Мейрамбек Ысқақов дүкенге шыққан. Жанып жатқан автокөлікті көрген әскери қызметші оқиға туралы елордадағы Төтенше жағдайлар департаментінің 101 орталығына шұғыл хабарлайды.  Дереу қимылдаған әскери қызметші жанып жатқан көліктің ішінде адам бар екенін аңғарып, оны қауіпсіз жерге алып шығады. Бұл уақытта ер адам есінен танып қалады. Алғашқы медициналық көмек көрсеткен Мейрамбек азаматты оқиға орнынан келген жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады. Жүргізуші № 1 қалалық ауруханаға жеткізілді", - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.  


Сурет: видеодан алынды

Айта кету керек, әскери қызметшінің әрекетіне өтіп бара жатқан азаматтардың бірі де ат салысыпты. 

"Жоғары қолбасшылық әскери қызметшіні марапатқа ұсынды. Әскери қызметші Мейрамбек Ысқақов жұбайы екеуі Самира және Лунара есімді қыздарды тәрбиелеп өсіріп отыр", делінген хабарламада. 
Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: